Bugin
Жалпыға бірдей декларация шеңберінде 10 мың АЕК мөлшеріндегі шектен аспайтын қолма-қол ақша банктік шоттарға орналастырылуға тиіс. Бұл туралы Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілі мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалпыға бірдей декларацияның екінші кезеңі басталады. Алматыда 100 мыңнан аса мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор қызметкерлері мен олардың жұбайлары алғаш рет активтері мен міндеттемелері туралы декларация тапсырады.
«Алғашқы декларацияда Қазақстаннан тысқары жердегі мүліктен басқа, заңды тұлғаның жарғы капиталындағы үлесі, инвестиция алтыны, бағалы қағаздар және т.б. кіреді.
10 мың АЕК мөлшеріндегі шектен аспайтын қолма-қол ақша көрсетіледі. Оның сомасы - 30 миллион 630 мың теңге. Ал артық ақша 2022 жылдың 31 желтоқсанына дейін банк шоттарына орналастырылуға тиіс», - деді ведомство өкілі.
Декларацияны Salyq Azamat мобильді қосымшасы, egov.kz электронды үкімет порталы, сондай-ақ cabinet.salyk.kz салық төлеушінің кеңсесі арқылы тапсыруға болады.
«Активтерді декларациялауға қатысты сұрақтар туындаған жағдайда мемлекеттік кірістер органдарына немесе 1414 нөмірі бойынша хабарласуға болады», - деп атап өтті МКК-де.