ДАМУ
Белгілі кәсіпкер, атақты Microsoft компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтс өзінің блогында жазда оқып шығуға болатын кітаптар тізімін жазған. Bugin.kz порталы ұсынатын бұл ақпаратты миллиардер 2017 жылы әлеуметтік желідегі оқырмандарына бөліскен.
«Осы жылы менің күнделікті өмірім мен жеке тәжірибемнен өзге де дүниеге көзімді ашатын кітаптарға деген қызығушылығым артқанын байқадым. Кейбір кітаптар маған мейнстримнен тыс өсудің, екі түрлі нәсілден туған бала үшін Оңтүстік Африкадағы аппартеидте өмір сүрудің және Аппалачидің ауылды жеріндегі кедейліктен қашуды көздеген жігіт болудың, сонымен бірге Джорджиидегі Плейнис қалашығында тұратын фермердің баласы болудың қандай екенін ұқтырды», - дейді Гейтс өзінің блогында.
Билл Гейтс жазда оқып шығуға ұсынып отырған 5 кітап басқалардың қалай өмір сүретіні мен өмірде мақсатыңның болғаны қаншалықты маңызды екені туралы адамдарға ой салады деген пікірде. Кәсіпкер «бұл кітаптың барлығы қай жерде, қандай жағдайда отырғаныңызға қарамастан, сізді мүлдем бөлек әлемге алып кетеді» деп сендіреді.
Тревор Ной «Born a Crime»
(Туа біткен қылмыскер)
«The Daily Show-дың» бұрыннан келе жатқан жанкүйері ретінде Гейтс осы бағдарламаның жүргізушісі, оңтүстікафрикалық әзілкеш Тревор Нойдың тағдырына қызығушылықпен қарай бастайды. «Туа біткен қылмыскер» атты өзінің мемуарында Ной анасы қара нәсілді, әкесі ақ нәсілді болғандықтан, екі ортада қалып қойғаны жөнінде баяндайды. Екі нәсілді адамдардың некесіне тыйым салынған елде туған ол адамдармен қарым-қатынас жасау үшін түстің емес, тілдің маңызғы зор екенін ерте түсінеді.
Мейлис де Керангаль «The Heart»
(Жүрек)
«Мұны жергілікті кітап дүкенінің көркем әдебиеттерге арналған сөресінен табуыңыз мүмкін. Бірақ Керангальдің уайым-қайғыны зерттеген бұл шығармасы поэзияға көбірек жақын. Автор жүрек трансплантациясы туралы оқиғаны баяндайды: ер жігіт қайғылы оқиғадан қаза болған соң, ата-анасы оның жүрегін мұқтаж жанға беруге шешім қабылдайды. Сюжет қайталанған. Бірақ мені баурап алғаны: автор пайдаланған сөз бен символ құдыреті. Кітап тілінің көркемдігі сондай, бірер минутқа ғана пайда болатын кейіпкерлерді жан-тәніңізбен сезінесіз», - дейді Билл Гейтс.
Джей Ди Вэнс «Hillbilly Elegy»
(Ауыл эллегиясы)
«Бұл тамаша әрі жаныңды түршіктіретін кітапта Аппалачияның кедей өмірі жайлы жазылған. Жап-жас Вэнс әкесі тастап кетіп, анасы оның тәрбиесіне қызығушылық танытпайды. Сондықтан сүйікті ата-әжесінің қолында өседі. Кейіпкер Йель заң мектебіне түсу үшін ештеңеге қарамастан, барлық қиындықты жеңіп шығады. Кітап кедейліктен туындайтын отбасылық және мәдени проблемаларға негізделген. Дегенмен адамды баурап алатын бір тылсым сиқыр Венстің оқиғалары мен ержүректігін көрсетеді», - деп миллиардер әсерін білдірді.
Юваль Арари «Homo Deus»
(Болашақтың қысқаша баяны)
«Өткен жылы жазда оқуға Араридің «Ақылды адам» атты кітабын ұсынған едім. «Homo Deus» - соның жалғасы. Екінші кітапта алғашқыда суреттелген оқиғалар өрши түскен, шиеленіскен әрі терең ойландырады. Автор қазіргі қоғамдық ұйымдардың принциптері ХХІ ғасырда өзгеріске ұшырайды деген ой айтады. Сонымен бірге ол адамзат өзінің басты мақсаттарына, яғни соғыссыз, аурусыз және аштықсыз өмірге қол жеткізгенде, не болатыны туралы талқылайды. Мен автордың жазғандарымен толықтай келіспеймін, бірақ Арари біздің болашағымызға қырағы көзқараспен қарайды», - деп есептейді Гейтс.
Джимми Картер «A Full Life»
(Толыққанды өмір: 90-ға келгендегі ойлар)
«Американың бұрынғы президенті жиырмадан астам кітап жазғанына қарамастан, өз өмірінен айтуға тұрарлықтай тағы да қызықты оқиғаларды таба білген. Бұл кітапта президенттің Джорджияның ауылында сусыз, жарықсыз үйде өткен балалық шағы және президент болуға түрткі болған оқиғалары қамтылған. Оқиға өткен ғасырда болса да, әлі маңызын жоймаған», - деп қорытындылайды бизнесмен.