Bugin
Венгрия елшілігі Мәсімовке қатысты мәлімдеме жасады. Дипломатиялық департамент Мәсімовтің ешқашан Венгрия азаматы болмағанын айтады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы orda.kz сайтына сілтеме жасап.
Қараша айының бірінші жартысында Самарқандта өткен Түркі кеңесінің саммиті барысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Венгрия премьер-министрі Виктор Орбанмен кездесті. Ақорданың мәліметінше, мемлекет басшылары екі жақты қарым-қатынас, экономикалы ынтымақтастық жайлы айтып, Ауғанстан мәселелерін талқылады.
Алайда кейбір қазақстандық БАҚ Орбанның Тоқаевқа Кәрім Мәсімов пен оның отбасы мүшелерінде Венгрия азаматтығы бар екенін айтқаны туралы өз дереккөздеріне сілтеме жасап, ақпарат жариялады.
Бұл ақпарат еш жерде ресми расталмағандықтан, Orda.kz редакциясы түсініктеме алу үшін Венгрияның Қазақстандағы бас консулдығына жүгінген. Дипломатиялық департамент Мәсімовтің ешқашан Венгрия азаматы болмағанын хабарлады.
2022 жылдың 6 қаңтарында Кәрім Мәсімов қызметінен босатылып, орнына Ермек Сағымбаев тағайындалды. 8 қаңтарда ҰҚК баспасөз қызметі Мәсімов пен оның орынбасарларының ұсталғаны туралы хабарлады.
Еске сала кетейік, 18 қарашада Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарларына қатысты сот процесі басталды. Оның ісі құпия болып тұр. ҰҚК экс-басшысының соты жабық есік жағдайында өтіп жатыр. Істің жай-жапсары парламент тиісті шешім шығарса ғана жария болады.