Bugin
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында ер адам әйелін шолақ мылтықпен атып өлтірді. Күдікті қамауға алынған. Марқұмның артында үш баласы қалды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Оқиға Ақбастау ауылында болған. Тұрғындардың айтуынша, 45 жастағы әйел анасының үйіне кеткен. Ал жұбайы оны іздеп барып, шолақ мылтықпен атып өлтірген.
Тәртіп сақшыларының дерегінше, аңшы мылтығы күдіктіге заңды түрде тиесілі болған. Ерлі-зайыптылар 27 жыл отасқан. Ауыл тұрғындары өнегелі жанұя ретінде таниды. Олардың айтуынша, қайғылы жағдай отбасындағы жанжалдың кесірінен болуы мүмкін.
Күдікті қылмыс жасаған күні ұсталып, қамауға алынған. Мылтық тәркіленіп, «Адам өлтіру» бабы бойынша іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
«Еңбекшіқазақ ауданы полиция басқармасының тергеушілері адамды қасақана өлтірген 47 жастағы жергілікті тұрғынға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Қылмыстық істің тергеу барысы мен нәтижелері облыстық полиция департаментінің бақылауына алынды. Күдіктінің қылмысы дәлелденсе, заңға сәйкес, ол сегіз жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», - дейді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ернар Сайділдин.