БІЛІМ
Зияткерлік мектептерде өтіп жатқан ақ-қара спартакиада аяқталды. Ақыл мен тапқырлықты ту етіп, логикалық ойлауға, болашақты болжауға, есте сақтау қабілетін арттыруға септесетін интеллектуалдық ойында зердесі терең, ойы ұшқыр, таланты мол зияткерлер білім шыңына көтеріліп, жеңіске жетті.
Оларды Алматы шахмат федерациясының өкілі - Әділ Тоқтамыс басқарған төрешілер алқасы бағалады. Турнир үш күнге созылды. Нәтижесінде, командалық есепте Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы NIS командасы үздік атанып, шахматшылардың бас кубогын жеңіп алды.
Екінші орынға Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы зияткерлік мектеп командасы ие болса, жүлделі үшінші орын Семей қаласындағы NIS командасына бұйырды.
7-9-cыныптар арасынан Астана IB мектебінің шахматшысы Бексұлтан Молдағали мен Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы NIS оқушысы Тогжан Карибаева І орын иеленсе, 10-12-сынып оқушылары арасынан aтыраулық NIS оқушысы Ибрагим Ғалымжанұлы мен aлматылық шахматшы Елдана Қалиахмет жеңіс тұғырынан көрінді.
1-6-сыныптар арасынан көкшетаулық Алидар Құрмантас пен Астана қаласынан Амина Дюсенова сынды оқушылар үздіктер қатарынан табылды.
Жеңімпаз атанған шахматшыларға ДББҰ басқармасының төрайымы – Шәмшиддинова Күләш Ноғатайқызының дипломдары табысталды.