МӘДЕНИЕТ
«Еуразия» Халықаралық кинофестивалі Қазақстанда ширек ғасырға жуық уақыт бойы өткізіліп келеді. 15-ші мерейтойлық фестиваль 2019 жылы өтті. Әзірге жаңа фестиваль туралы ресми ақпарат жоқ. Алайда журналист Михаил Козачков Мәдениет министрлігінің жақын болашаққа жоспары туралы жариялады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
«Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев сіздерге сыйлық дайындады. Ол қыруар көк қағазға «Еуразия» кинофестивалін өткізуге бұйрық берді. Құдды тыныш әрі байқатпай тосынсый жасағысы келгендей», - деп жазды ол өзінің Telegram арнасында.
Журналист министрліктің тіпті конкурс жарияламағанын, жай ғана жеткізушіні таңдап алып, онымен мемлекеттік сатып алусыз келісімшартқа отырғанын айтады.
«Ал келісімге спортқа жауапты вице-министр қол қойды. Осылай миллион долларды желге шашайық. Ал балаларды емдеуге ақшаны сіз бен біздер жинаймыз. 450 миллион теңгеге кинофестиваль кімге керек, қол көтеріңіздерші?», – деді Козачков.
Кейінірек ол ақпаратты жаңарттты.
«Жазда Мәдениет және спорт министрлігі шараны ұйымдастыру үшін ашық конкурс өткізгенімен, шындыққа жанаспайтын шарттарды қойып, алты әлеуетті өнім беруші де біліктілік талаптарынан өтпеген. Қараша айында бір-екі күннің ішінде миллион доллар лот тендерсіз мердігерге кеткен»,- деп қосты.
Әзірге ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдерінен ешқандай түсініктеме берілген жоқ.
Еске салайық, «Еуразия» халықаралық кинофестивалі 1998 жылы құрылған. Астанада өткен V және XIII шараларды қоспағанда, көбінесе Алматыда өтеді. 2012 жылы International Film Guide (Ұлыбритания) «Еуразия» IFF-ті 35 жетекші әлемдік кинофестивальдердің тізіміне енгізді. Осы жылдар ішінде оған Ким Ки Дук, Эмир Кустурица, Жан Клод Ван Дамм, Мишель Пласидо, Кэтрин Денев және т.б. жұлдыздар қатысты.