Bugin

Ұлытауда күдіктілерден 83 қап алтын кені тәркіленді (Видео)

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ұлытауда алтын кенін заңсыз өндірумен айналысқан күдікті топ ұсталды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Полиция мәліметінше, 17 қарашада Ұлытау облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен Ұлытау аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел шаралар жүргізген. Полиция қызметкерлері алтын кенін заңсыз өндірумен айналысқан 30 және 41 жастағы 7 ер адамды ұстады. Оқиға орнынан экскаватор, су айдауға арналған құбырлар мен шлангтар, бір бөшке жанармай және 83 қап алтын кені тәркіленді.

Одан әрі жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер осы қылмысты ұйымдастыруға қатысы бар күдіктілерді – екі жол талғамайтын көлікпен жүрген 23 және 34 жастағы екі ер адамды ұстады. Бірінші көлікті тексеру барысында 5 патроны бар тапанша табылып, тәркіленді. Ал екінші көліктен полицейлер 3 патронмен бірге травматикалық тапанша тапты. Сараптама қорытындысына сүйенсек, тапаншалар атуға жарамды екен.

ҚР Қылмыстық кодексінің 334-бабы («Жер қойнауын өз бетінше пайдалану») және 287-бабы («Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.