Bugin
Астанада бұрын түрмеде жазасын өтеген ер адам ұрлық істегені үшін ұсталды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, бұрын ұрлық жасағаны үшін бірнеше рет сотталған, бас бостандығынан айыру орындарында 30 жыл жазасын өтеген 52 жастағы ер адам елорда автобустарында ұрлық жасап жүрген.
Ол Ақмола облысының тұрғынының 200 доллары мен алтын сақинасын автобуста ұрлап кетеді. Іздеу кезінде ер адам қызметкерлердің көзіне түскен. Күдікті көліктен шығар кездегі қарбаласқан сәтті пайдаланып, әйелге жақындап, әмиянын сөмкесінен білдіртпей алып шыққан. Ол валютаны айырбастау пунктінде ауыстырғаны анықталды.
«Сонымен қатар ер адам қоғамдық көлік жолаушыларынан ұялы телефондарды да ұрлаған. Сол сияқты тәсілмен ол Iphone 7+ және Iphone 13 Pro атты екі телефонды ұрлаған. Қалта ұрысы кезекті автобус ұрлығы кезінде қылмыс үстінде ұсталды. Таңертеңгі қарбалас уақытта автобус салонындағы жолаушылардың көптігін пайдаланып, кезекті жәбірленушінің сөмкесінін ашып, 20 мың теңгеден астам ақшасын ұрлаған. Бақылау жүргізген қарапайым киімдегі жедел қызметкерлер ұрының күдікті әрекеттерін байқап, оны ұстады» делінген хабарламада.
Іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдікті кінәсін мойындады. Оның осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.