Бренд
Спорттық тауарлардың ішінде ең көп сұранысқа ие болып жүрген – Nike пен Adidas фирмалары. Әлемде екі бренд те спорттық киім мен аяқ киім өндірісіндегі көшбасшылардың қатарында тұр. Бірақ Nike халықаралық нарықта бренд ретінде көбірек сатылса, Adidas Германия мемлекетінде үлкен сұранысқа ие. Спорттық киім мен аяқ-киімдер нарығында өзіндік орны бар алпауыт компаниялардың айырмашылығын Bugin.kz тілшісі анықтады.
Компанияның шығу тарихы
Америкалық спорттық киімдер компаниясы - Nike. Оның негізін Билл Боуерман мен Фил Найт Ribbon Sports деген атпен қалаған. Билл «Орегон» университетінде жеңіл атлетика жаттықтырушысы болса, Фил Найт оның студенті болған. Жас спортшы Найт спорттық аяқ киімінің ыңғайсыз екенін байқап, 1964 жылдан бастап аяқ киім тауарларын өндіруді көздейді. Оның басты қалауы қолжетімді және жоғары сапалы аяқ киімді шығару еді. Студент өз арманының жолында Жапонияға барып, шетелдік жергілікті компаниямен келісімшарт жасасуға мүмкіндік алады. Бастапқыда Филдің Ribbon Sports компаниясында тіпті жеке дүкені де жоқ болған. Ол елді жүк машинасымен аралап, көшеде аяқ киім сатқан. Осылайша атақты Nike аяқ киімдері Америка көшелерінде саудаланған.
Ең қымбат аяқ киімдерді өндіретін Adidas брендінің негізін 1924 жылы Дасслер есімді неміс азаматы қалаған. Ол бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жұмыссыздықтың салдарынан аяқ киім жасаумен айналыса бастайды. Алғашында өз кәсібін ескі әскери киімдер мен автомобиль шинасынан спорттық аяқ киімдерді тігуден бастаған.
Тауар бәсекелестігі
Adidas әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарына демеушілік жасайды. 1924 жылы құрылған Adidas компаниясында бүгінде 61 401 қызметкер жұмыс жасайды. Компанияның ең қымбат өнімі – Pharrell Williams Human Race NMD TR маркасындағы спорттық аяқ киімі. Оның бағасы - 701 221 рубль. Біздің ұлттық валютамен 5 331 387 теңгені құрайды.
Nike – еркін спорттық қимылға арналған әрі күнделікті стильге тән бейне қалыптастыратын әйгілі компания. Алғашқы жылдары Nike жарнамада төңкеріс жасап, компанияның киімдері мен аяқ киімдерін киетін спорт жұлдыздары арқылы жарнама жасаған. Креативті жарнаманың арқасында әлем бойынша миллиондаған спорт әуесқойының назарын аудара білді. Әлемдік деңгейдегі спорт жұлдыздары арқылы өнімдерін белсенді түрде насихаттауды жалғастырды. Компанияның ең қымбат өнімі – Nike Dunk SB Low Paris топтамасының аяқ киімі. Оның құны – 16 136 943 теңге.
Басты ерекшелігі
Nike-тің басты ерекшеліктерінің бірі – үнемі жаңашылдыққа ұмтылу. Компанияның бас директорының пікірінше, жаңа дүниелерді ойлап табу брендтің бәсекелестерінен артықшылығы. Компания аяқ киімнің спортшылар үшін ыңғайлы болуын басты талап етіп бекіткен. Nike логотипі – әлемдегі ең танымал белгі. Оның қарапайым бейнесі бір көргеннен-ақ есте қалады.
Adidas логотипті үш жапырақтан 3 жолаққа ауыстырды. Көпшіліктің пікірінше, алдыңғы Adidas логотипі ерекше болған. Adidas өзінің басты бәсекелесі Nike компаниясынан бір табан алда. Сондай-ақ аталмыш компания технология мен инновацияға көп көңіл бөледі. Жоғарыда жазғанымыздай, Adidas-тың құрылу тарихы ХХ ғасырдың бас кезіне тән. Ол Nike-тен 15 жыл бұрын құрылған және әлдеқайда ертерек танымал болды. Біраз жыл бойы нарықта үздіктердің алдыңғы қатарынан көрінген Adidas бүгінде аяқ киімдерге қарағанда спорттық киімдерді тігумен айналысып келеді.
Nike немесе Adidas компаниясының өнімдерін таңдау – тұтынушы талғамына, жеке қалауға байланысты. «Қай бренд жақсы?» деген сұраққа нақты жауап беру қиын. Себебі екі бренд те жоғары сапалы, озық үлгідегі өнімді ұсынады және бүкіл әлем бойынша миллиондаған жанкүйері жетерлік.