Bugin
Қарағанды қаласы мен Теміртау қаласы аумағында қаржы пирамидасын құрмақ болғандардың жолы кесілді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Қаржы мониторингі агенттігінің бапасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, 2020 жылы Г.С. Нарымбетова жарнамалық қызметтер бойынша жеке кәсіпкер қызметі үшін бұрын жалға алынған кеңсе үй-жайын пайдаланған. Қандай да бір кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмай, әртүрлі сылтаулармен тауарлардың бар екенін айтқан. Сонымен қатар мемлекеттік сатып алуға қатысатыны туралы жалған ақпарат беру арқылы азаматтардан ақшалай қаражат алған.
«С. Нарымбетова 2020 жылғы қаңтардан бастап 2022 жылғы қаңтарға дейінгі кезеңде қаржы схемасын құрды. Онда пайдалы активтерге салу есебінен қаражат бойынша кіріс болмаған. Жаңа инвесторлардан 200 000 теңгеден 25 000 000 теңгеге дейінгі ақшаны алып, салым сомасының 10 пайыздан 40 пайызға дейінгі мөлшерде төленетінін айтқан. Залалдың сомасы 222 млн теңгеден асты, оның 131 миллион теңгесін сотталушы өз еркімен өтеді» делінген хабарламада.
Сот үкімімен Гүлзат Нарымбетова 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Ол желі маркетингімен айналысып, азаматтардың ақшалай қаражатын тартты деген кәсіпкерлік және қаржылық қызметпен айналысу құқығынан 5 жыл мерзімге айырылды. Сондай-ақ ең төменгі қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтейді.