Спорт

Брюс Лидің жұмбақ өлімі: Құпия деректер не дейді?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

«Әйгілі актер, кунг-фу өнерінің аңыз адамы Брюс Ли суды көп ішкеннен қайтыс болуы мүмкін екенін Мадрид автономиялық университетінің (UAM) испан ғалымдары мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz тілшісі Tengri Lifestyle Doctorpiter басылымына сілтеме жасап.

 Брюс Лидің өлімі

Аты әлемге әйгілі актер 1973 жылы 32 жасында кенеттен қайтыс болды. Жасалған сараптаманың қорытындысына сәйкес, Лидің өліміне себеп болған – мидағы ісік. Ресми нұсқада ми бөлігіндегі ісік Брюс Лидің ауырсынуды басатын дәрілерді көп ішуінен дамыған делінген. Алайда Брюс Лидің өліміне байланысты түрлі қауесет таралған. Тіпті кейбіреулер «қастандықпен өлтірілді» десе, енді бірі «Брюс есірткіні көп қолданғаннан қайтыс болды» деген күмәнді пікірлер де болды.

Мадридтік ғалымдар 50 жыл бұрын болған қайғылы оқиғаға қайта оралып, жекпе-жек шеберінің бойындағы кінәратты анықтауға тырысты. Олардың зерттеуі киножұлдыз және продюсер Брюс Лидің жұмбақ өліміне суды көп ішу себеп болуы мүмкін екенін көрсетті.

Гипонатриемия

Адам ағзасында сұйықтықтың «шамадан тыс дозалануы» өз кезегінде гипонатриемияны, яғни, қан плазмасындағы натрий деңгейінің төмендеуін туғызады. Натрий біздің денеміздегі сұйықтық балансын сақтау үшін қажет.   

Ғылыми зерттеудің қорытындысы Брюсте гипонатриемияның бірнеше қауіп факторы болғанын көрсетеді. Мысалы ол қайтыс болғанға дейін көп мөлшерде сұйықтық ішкен, сондай-ақ бүйрек қызметін төмендететін есірткі мен алкогольді қабылдаған. Осы әрекет салдарынан  гипонатриемия актердің өліміне әкелетін церебральды ісінуді тудыруы мүмкін.

«Біз Брюс Ли бүйрек қызметінің бұзылуының ерекше түрінен – судың гомеостазын сақтау үшін жеткілікті мөлшерде суды бөле алмаудан қайтыс болды деп болжаймыз. Мұның әсерінен гипонатриемия болып, ми ісініп, тіпті өмірден де өтеді», - деп қорытындылады ғалымдар.

Брюс Ли 1973 жылы 20 шілдеде Гонконгта көз жұмады. Танымал актер өзінің кино саласындағы еңбек жолын 1941 жылы «Алтын қақпадағы қыз» фильмінде сәби рөлінен бастаған. Кино жұлдызының ең соңғы түскен фильмі – 1978 жылы жарық көрген «Өлім ойыны». Кенеттен болған қайғылы оқиғаның салдарынан түсірілім алаңында келеңсіз жағдай көп болған. Алайда туындаған қиындықтарға қарамастан фильм көрермен көңілінен шыға білді.

Сымбат НАУХАН