Bugin
Қарағандыда полицейлер Үндістан азаматын ұрлап әкеткендерді ұстады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қарағанды полициясына 27 жастағы Үндістан азаматы арызбен шағымданады. Шетел азаматын белгісіз біреулер күштеп автокөлікке отырғызып, Астана қаласына алып кеткен. Пәтерге апарып, қорқытып, күш қолдану арқылы бостандығы үшін 200 мың АҚШ долларын талап еткен.
«Осы іс бойынша Қарағанды облыстық полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлерімен арнайы жедел-іздестіру шарасын өткізді. Сол кезде Астана қаласындағы жалдамалы пәтерлердің бірінен бопсалап, адамды ұрлап әкетті деген күдікпен 26-34 жастағы төрт Өзбекстан азаматы ұсталды», – деп хабарлады Қарағанды облыстық ПД бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.
Қазіргі уақытта «Адам ұрлау, заңсыз бас бостандығынан айыру және бопсалау» баптарымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.