Bugin

Қызылордада 6 балаға не үшін 112 миллион теңге бөлінген?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қызылордада небәрі алты бала тәрбиеленіп жатқан интернатта 39 қызметкер жұмыс істеп жүр. Орталыққа биыл бюджеттен 112 млн теңге бөлінген, деп хабарлайды Bugin.kz порталы «31»-телеарнаға сілтеме жасап.

Журналистердің сөзінше, алайда құзыретті мамандар балаларға тиісті жағдай жасалмағанын айтады.

«Тамағы да, басқасы да мардымсыз болып шықты», – дейді Қызылорда облысы бойынша ұлттық алдын алу тетігінің қатысушысы Сәуле Әбілдаева.

Маман қызметкерлерінің жұмысы салғырт болса да, соңғы бес жылда мекемеге жарты миллиард теңгедей ақша бөлінгенін айтады. Бірақ интернатта тәрбиеленген әр жылдағы балалардың саны 10-ға да жетпеген. Сондықтан депутаттар орталықтың жұмысын егжей-тегжей тексеруді ұсынып отыр.

«Бес жылдың ішінде 500 миллионға жуық ақша жұмсалған. Оның ішінде бала болмаса да, мамандар өзінің айлық жалақысын алып отыр», – дейді Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты Аида Абибуллаева.

Облыстық білім басқармасы басшысының айтуынша, интернатта негізінен мінез-құлқы ауыр, ата-анасына бағынбай, көше кезіп кеткен балалар тәрбиеленіп жатыр. Сондықтан бала саны аз болса да, оларға қарайтын 39 жұмысшының әрқайсының міндеті бар.

«Қазір оңтайландыру жұмыстары басталып кетті. Алдағы 2024 жылдары қиын жағдайда қалған балалардың орталығы қылып, қайта құрып, сол жерде әлеуметтендіру жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ басқарма басшылары бюджеттен бөлініп келген миллиондар мақсатты жұмсалды деп сендіріп отыр»,  – дейді Қызылорда облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Әзизбек Ізімбетов.