Bugin

Мас күйінде көлік жүргізген әкім ұсталды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Солтүстік Қазақстан облысының этика жөніндегі кеңесі көлікті құжатсыз және мас күйінде айдаған ауыл әкімін қызметінен босатуға ұсыныс енгізді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Sputnik Қазақстан агенттігіне сілтеме жасап.

Кеңес мүшесі Инесса Қуанованың айтуынша, отырыста Шал ақын ауданындағы Юбилейный ауылдық округының әкімі Бүркіт Шекеновтың тәртіптік ісі қаралды. Шенеунік Астана қаласындағы іссапардан келгеннен кейін бір дәмханаға кешкі асқа барған. Сол жерде ішімдік ішіп, артынан қызметтегі көлігіне отырды.

Сөйтіп, 10 қараша күні мас күйінде Сергеевка қаласының бір көшесімен жүріп келе жатқанда, полицейлер тоқтатқан. Соттың үкімімен әкім 20 тәулік бойы әкімшілік қамауда отырып шықты.

«Әкім ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне іссапармен барған. Қайтып келе жатқанда, бал сатушысы жолдың бойындағы дәмханаға шақырғанын айтады. Сонда екеуі кешкі аста "Медовуха" ішкен. Ал сот қаулысында бір банка сыра туралы жазылған. Қалай болса да, соның өзі медицина тексерісі кезінде, жеңіл дәрежеде мас болғанын анықтауға жетіп тұрды», - дейді Қуанова.

Оған қоса, Шекеновке жүргізуші куәлігі берілмегені анықталды. Оны ішкі істер министрлігінің базасы да растап отыр.

«Әкім кінәсін толық мойындады. Бірақ түнгі бірде мас күйінде көшеге қалай шыққанын түсіндіре алмады. Осы әрекетімен жол қозғалысы мен айналадағы адамдарға қауіп төндірген», - деп атап көрсетті Қуанова.

Кеңестің шешіміне сәйкес, әкім бірқатар ережелерді бұзды. Этикалық кодекс пен заңға да қараған жоқ. Сол себепті елге сыйлы және заңға бағынатын басшы бола алмайды. Кеңес оны қызметінен босатуға ұсыныс енгізді.