Bugin
Қазақстан Республикасының президенті болып қайта сайланған Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басшысын ұлықтау рәсімінде халық алдында ант берді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Президент ант бермей тұрып, рәсім өтетін салтанатты залға Қазақстан Республикасының Туы, штандарты мен Конституциясы әкелінді.
«Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк беруге, Қазақстан Республикасы президентiнiң өзiме жүктелген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға салтанатты түрде ант етемiн», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға қолын қойып тұрып.
Осы сәттен бастап президент ресми қызметiне кiрiскен болып саналады.
Ант берiлгеннен кейiн Қазақстан Республикасының мемлекеттiк Гимнi орындалды. Сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясының төрағасы мемлекет басшысына Қазақстан Республикасы президентiнiң куәлiгiн тапсырды.
Еске салсақ, ҚР Орталық сайлау комиссиясының шығарған қорытындысы бойынша, 20 қарашадағы кезектен тыс президент сайлауында кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылардың 81,31 пайыз дауысын жинап, жеңіске жеткен еді.