Bugin

Астанада митинг: Мақсаты қандай болды?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Астана қаласының полициясы, 26 қарша күні елорадада болған митингке қатысты жағдайды түсіндірді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

26 қараша күні кешкісін Астанадағы түнгі клубтардың бірінде жастарға арналған мәдени-бұқаралық іс-шара ұйымдастырылды. Ұйымдастырушы кәсіпкер шараға 300-ге жуық жастарды жинаған.

Жиын барысында ұйымдастырушы жиналғандарға жалған ақпарат берген. Олар бейбіт жиналыстар өткізудің заңда белгіленген тәртібін бұза отырып, жастарды заңсыз шеруге шақырған. Арандату нәтижесінде қоғамдық тәртіп өрескел бұзылып, көлік және әлеуметтік инфрақұрылымның толыққанды жұмыс істеуіне кедергі келтірілген.

Жиынға қатысушылар полицияның заңсыз әрекетті тоқтату туралы талабын ескермей, дауыс күшейткішті қолданған, ұйымдастырушының шақыруымен тәртіп бұзуды жалғастыра берген.

Қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция заңсыз әрекеттердің жолын кесу шараларын қабылдауға мәжбүр болды. Бұл ретте заңсыз шеруге қатысушылар қызметкерлерге бағынбай, қарсылық көрсетті.

«Қазіргі уақытта кінәлі адамдар анықталып, полицияға жеткізілді. Олардың іс-әрекеттеріне белгіленген тәртіппен құқық бойынша баға беріледі» делінген хабарламада.

Расталмаған ақпаратқа сәйкес, митингті TDFA жобасының жақтастары ұйымдастырған. Сонымен қатар қала тұрғындары ғаламтордың бұғатталғанын мәлімдеді.

Көп ұзамай полиция митинг қатысушыларын ұстап әкетті. Айта кетейік, TDFA жобасын миллионер Марат Әбиев құрған.