Bugin

Екібастұздағы жағдай: Президент үкімет басшысына тапсырма берді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Президент премьер-министр Әлихан Смайловқа Екібастұздағы жағдайды қалыпқа келтіру бойынша тапсырма берді. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Сонымен қатар мемлекет басшысы еліміздің қалаларындағы проблема жиі туындайтын энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарастыруды тапсырды. Себебі аталмыш активтерді сапасыз басқару салдарынан жылу электр стансалары  апатқа жиі ұшырап, тұтынушыларды электр қуатымен  үздіксіз қамтамасыз ете алмай отыр.

"Екібастұзда орталық жылу берудің тоқтап қалуынан хабардар болған президент қала тұрғындарының жағдайына алаңдаушылық білдірді. Тұрғындарға тиісті көмек беріледі. Мемлекет басшысының пікірінше, азаматтардың тұрмыс-тіршілігіне қиындық тудыруға және олардың құқын аяқасты етуге жол беруге болмайды" делінген хабарламада.

Президент үкіметке және облыс әкімдігіне таяу күндері Екібастұздағы жағдайды қалыпқа келтіру, қаладағы ауыр ахуалға жол берген адамдарды жауапқа тарту жөнінде тапсырма берді.

Бұған дейін Екібастұзда жылу электр орталығындағы бірнеше қазанагрегат тоқтап, тұрғындар жылусыз қалғаны хабарланған.