Bugin
Астанада арнайы білім беру орталығында аутизм диагнозы бар баланы ұрған маман туралы бейнежазба жарияланды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Экспресс К сайтына сілтеме жасап.
Оқиға «Жас ұрпақ» ерекше балаларға арналған түзету орталығында болған. Баланың анасының айтуынша, бала аутизм диагнозымен дүниеге келген.
«Ұлымыз өзін қатарластарынан кем сезінбеу үшін қолымыздан келгеннің барлығын жасап жүрміз. Біз қарапайым жас отбасымыз. Сондықтан екі жарым жасынан бастап аталған орталыққа бердік. Біз орталықты мұқият қарап, әрі қаладағы ең жақсысын таңдадық деп ойладық. Алайда, видеодан көргендеріңіздей, қателесіппіз. Өкінішке қарай бұл «қателік» менің ұлыма тағы да үлкен соққы болды. Онсыз да сөйлемейтін, өте сезімтал, әлсіз баланы мұғалімнің ұрып-соққанын көру балам үшін де, мен үшін де оңай болған жоқ» , - деді ол.
Анасы мұғалім жазасыз қалмауы үшін барлығын жасаймын деп отыр.
«Біз арыз бердік, бірақ оған үміт аз болып тұр. Сондықтан мен бұл жайтты назардан тыс қалдырмай, көпшілікке таратуды сұраймын. Өйткені «мұндай жағдаймен» жолығатын жайттар біздің қоғамда аз емес. Осы видеожазбаны көргеннен бері тамағымнан ас өтпейді, ұйқыдан қалдым. Менің балама қол көтерген маманның жазасыз қалуы мүмкін екенін ойласам, тамағыма өксік тіреледі» , — деді анасы.
Желіде жария болған бейнежазба қолданушылардың аяушылығын тудырған. Ал педагог соған қарамастан аталған орталықта білім беріп жатыр.