Bugin

Антикор тексеріс жүргізіп, 112 лауазымды тұлға әшкереленді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Асхат Жұмағалидің басшылығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жұмыс тобының және «Атамекен» Ұлттық палатасының кезекті кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

Жиында кәсіпкерлердің өзекті және проблемалы өтініштері қаралып, топ жұмысының алдын ала қорытындылары шығарылды. Сондай-ақ алдағы кезеңге арналған жоспарлар мен міндеттер айқындалды.

Аумақ департаменттерінің қылмыстық істері бойынша бизнестің қатысуымен тергеу әрекеттері едәуір қысқартылды. Бұл - агенттік енгізген ведомстволық бақылау тетігінің нәтижесі.

Бизнеспен мыңнан астам тергеу әрекеттерін жүргізуге жол берілмеді, бұл кәсіпкерлерді тергеу кабинеттеріне баруға, іс жүргізу шараларына қатысуға артық уақыт жұмсаудың алдын алады. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мемлекеттік қызметшілер тарапынан заңсыз араласу және бизнеске қысым жасау фактілерін анықтау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр.

Жыл басынан бері осындай 72 факт анықталды, олар бойынша 165 сотқа дейінгі тергеу басталды, 112 лауазымды тұлға әшкереленді, оның 65-і сотталды.

Заңсыз әрекеттердің көпшілігі пара алумен байланысты, соның ішінде орындалған жұмыстардың актілеріне қол қою, рұқсат құжаттарын беру және басқалары жатады. Олардың жалпы құрылымдағы үлес салмағы 80% құрады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тергеушілері жоғарыда көрсетілген барлық фактілер бойынша мемлекеттік органдар басшылығының атына сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөнінде ұсыныстар енгізді.