Bugin
Тараз қаласында 1 желтоқсанда қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін «Сергек» жүйесі іске қосылады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Жамбыл облысының орталығында биыл 1 желтоқсаннан бастап қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін «Сергек» жүйесі іске қосылады. Тараз қаласында жоба бойынша 1 250 жалпы бақылау камерасын орнату қарастырылған. 48 аппараттық-бағдарламалық кешен қаланың жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Жылдамдықты асыру, бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өтіп кету, жолдағы қозғалысты реттейтін жолақтарды бұзу – жүйеге тіркеледі. Жол ережесін бұзуды тіркеу автоматты режимде жүзеге асады. Төленген айыппұл қала бюджетіне беріледі. Ұйғарымдарды erap-public.kgp.kz, egov.kz сайттарынан ЭЦҚ арқылы авторизациядан өтіп, жүктеп алуға болады. Сонымен қоса Kaspi мобильдік қосымшасындағы мемлекеттік қызметтер бөлімшесінен де табу мүмкіндігі бар», - деп мәлім етті жергілікті құзырлы органның баспасөз қызметінен.
Әкімдік дерегінше, барлық ереже бұзу жағдайлары бірден Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы тіркеу комитетінің әкімшілік істер бойынша бірыңғай реестріне түседі.