БІЛІМ
Жаратылыстану-математика циклі пәндері бойынша президенттік олимпиаданың республикалық кезеңіне 192 оқушы өтті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Олимпиаданың үшінші кезеңі 29 қараша - 2 желтоқсан күндері академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде өтеді. Жеңімпаздар Қазақстан-Британ техникалық университеті (9) және Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті (5) сияқты ЖОО-ларында оқуға грант алады.
«Олимпиаданың бірінші кезеңіне 3 мыңға жуық оқушы қатысты. Балалардың олимпиадаға қатысу көрсеткіші өсіп келеді. Олар математика, биология, химия және физика пәндері бойынша жарысқа түсті. Байқауға бұрын республикалық және халықаралық пәндік олимпиадаларға қатыспаған 11 (12) сынып оқушылары бақ сынайтынын еске саламыз. Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері ҚР Оқу-ағарту министрлігінің I, II және III дәрежелі дипломдарымен марапатталады және гранттарды бөлуде басым құқыққа ие болады», - деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.
Мысалы былтыр министрліктің бастамасымен Қазақстанның 20 жоғары оқу орны осы олимпиада жеңімпаздарына 50-ге жуық грант бөлген. Министрлікке қарасты «Дарын» орталығының өкілдері жоғары оқу орындарын білім гранттарын бөлу бастамасын қолдауға шақырды. Осылайша, биыл Қазақстан-Британ техникалық университеті жеңімпаздарға 9 грант, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті 5 грант бөліп отыр. Олимпиаданың жабылу және жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі 2 желтоқсан күні өтеді.