Bugin
Қазақстандықтар 190 млрд теңгені ала алмай қалуы мүмкін. Себебі олар әлі банктерге өтемақы төлеуге өтініш жазбаған. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша банктерге өтемақы төлеуге түскен өтініштердің жалпы сомасы шамамен 360 млрд теңгені құрады. Бұл аталған бағдарлама аясында азаматтарға тиесілі қаражаттың 70%-ына да жетпейді, деп жазады Bugin.kz порталы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорына сілтеме жасап.
Айта кететіні, биылғы жылдың 23 ақпанына дейін теңгемен депозит ашқан қазақстандық банктердің салымшылары мемлекеттен 10% көлемінде өтемақы алуға құқылы. Қаржы 23 ақпан жұмыс күнінің соңында депозитте жинақталған сомаға төленеді. Өтемақы алу үшін банкке өтініш жазып, сол арқылы келісімді растау қажет.
Оның қағидаларын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі әзірледі.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры inbusines.kz тілшісінің ресми сауалына берген жауабында, 1 қыркүйектегі жағдай бойынша жоспарланған өтемақы сомасы шамамен 360 млрд теңгені құрағанын хабарлады.
«Қазір біз төлемдерге өтініш беру белсенділігінің төмендігін көріп отырмыз. 2022 жылдың 25 қарашасындағы жағдай бойынша, берілген өтініштердің саны 2 млн адамды құрайды, бұл өтемақы алуға құқылы салымшылардың 37,6%-ы ғана», – деп жазылған қордың ресми жауабында.
ҚДКБҚ нақтылағандай, 2022 жылғы 23 ақпандағы жағдай бойынша төленуге тиіс өтемақылардың жалпы сомасы 552 млрд теңгені құрайды. Осылайша, салымшылар 190 млрд теңгеге әлі өтінім жазбаған.
«Өтінім 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін жазылуы керек. Сондай-ақ депозитті 2023 жылдың 24 ақпанына дейін сақтау маңызды. Өтемақы жыл ішінде депозитте жинақталған ең төменгі сома үшін төленетінін ескерген жөн», – деп нақтылады қор мамандары.
Оның мөлшері 20 млн теңгеден аспайтын сомаға есептеледі. Төленетін ең жоғары сома 2 млн теңге, яғни 20 млн теңгенің 10%-ы.
Салымшылардың өтініш беруге бір ай уақыты қалды. Төлемдер 2023 жылдың 23 ақпанынан кейін жүзеге асырылады.