Bugin
Прокуратура Бақытжан Сағынтаев қала әкімі болған кезеңде Алматының тауларындағы жер телімдерінің жеке меншікке берілуінің заңдылығын тексеруге кірісті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
«Қазіргі уақытта Алматы қаласының прокуратурасы аталған аумақтағы жер телімдерінің нысаналы мақсатын өзгертудің заңдылығын зерттеп, қала құрылысы құжаттамасына түзетулер енгізуде. Сонымен бірге, қалалық прокуратура жер ресурстарын басқару комитетіне сұраныста көрсетілген жерлердің берілуінің негізділігін тексеруді тапсырды», - деді ҚР Бас прокуроры Берік Асылов Қазақстан халықтық партиясынан Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап бере отырып.
Сұраныс Алматы қаласында орналасқан Фесенков атындағы обсерватория және астрофизикалық институтының рекреациялық жерлерін маусымдық тұрғын үй және аз қабатты құрылыс жерлеріне ауыстыру туралы анықталған ақпаратқа байланысты жолданды. Бұл деректі заңгер Бақытжан Базарбек бұған дейін айтып, жерлердің Сағынтаев қала әкімі болған кезінде берілгенін айтқан болатын. Осыдан кейін 12 қазанда Асылов аталған жерлерді берудің заңдылығын тексеруді тапсырды.