Bugin
«AlanParking» ЖШС директоры Мұхтар Базарбаев пен «Алматы Спецтехпаркинг Сервис» ЖШС басшысы Марат Пірінбековтің ісіне қатысты тергеу сотқа жіберілді, бірақ олигарх Қайрат Боранбаевтың ағасы Мұрат Боранбаевқа іздеу жарияланды. Бұл туралы Қаржы мониторингінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Алматы бойынша АФМ департаменті «АланПаркинг» ЖШС директоры Базарбаев пен «Алматы Спецтехпаркинг Сервис» ЖШС директоры Пірінбековке қатысты 436 миллион теңге қаражатты жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеуді аяқтады.Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында келтірілген залал толық көлемде өтелді. Қылмыстық іс сотқа жіберілді. Қылмыстың негізгі сотталушы және ұйымдастырушысы Боранбаев М.С. халықаралық іздеуге жарияланды», - делінген хабарламада.
Ал Қайрат Боранбаевты 15 наурызда Алматыда ҚМА орталық аппаратының қызметкерлері ұстады. 16 наурызда Боранбаев Нұр-Сұлтанға жеткізілді. 17 наурызда белгілі заңгер, жер құқығы жөніндегі сарапшы Бақытжан Базарбек Алматының экс-әкімі мен «Нұр Отан» (қазіргі «Аманат») партиясы төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Бауыржан Байбек пен Боранбаевтың жер алаяқтығын жасағандығы туралы күдіктерімен бөлісті. Сол күні Боранбаевтың ұсталғаны ресми түрде расталды.
Қайрат Боранбаев – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваның бұрынғы келіні Алима Боранбаеваның әкесі.
14 сәуірде Алматы соты «AlanParking» ЖШС директоры Мұхтар Базарбаевты қамауға алуға рұқсат бергенін хабарланған еді. AlanParking – «RR2» ЖШС басқаратын ақылы автотұрақ операторы, оның түпкі иесі Боранбаев. Сәуірдің 18-і күні «Алматы СпецТехПаркинг Сервис» ЖШС директоры Марат Пірінбеков қамауға алынды. «Алматы спецтехпаркинг қызметі» де Боранбаевпен байланысты. 25 сәуірде Алматыдағы Боранбаев фирмаларының бақылауындағы ақылы автотұрақтардың мемлекет меншігіне қайтарылғаны белгілі болды.