Bugin

Әйелін аяусыз ұрып-соққан ер адам сотталды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Талдықорғанда әйелін аяусыз ұрып-соққан ер адам сотталды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Дерекке сүйенсек, осы жылдың жазында қалалық полиция жергілікті бұзақылардың біріне қатысты іс материалдарын қараған. Отбасындағы жанжал істері бойынша 44 жастағы ер адам бірнеше рет құқық қорғау органдарының назарына іліккен.

Кезекті ұрыс-керіс кезінде әйел ауруханаға түседі. Дәрігерлер ми шайқалып, жабық ми жарақатын алған, параорбитальды гематома, иық пен қабырға зақымданған, бірнеше қабырға сынған деген диагноз қояды. Денеге зақым келтіру дерегі бойынша тергеушілер қылмыстық іс қозғады. Тергеу кезінде ер адамға жәбірленушіге жақындауға тыйым салынған.

«Іс жүзінде дәлелдемелік база жинақталып, оған бірнеше сараптаманың нәтижелері қоса тіркелді. Тергеу аяқталғаннан кейін айыптау қорытындысы бар материалдар қалалық соттың қарауына жіберілді. Сот үкіміне сәйкес, құқық бұзушыға бір жыл бас бостандығын шектеу және 100 сағат мәжбүрлі жұмыс түріндегі жаза тағайындалды», – деді Талдықорған ҚПБ анықтаушысы Батырхан Маштақов.

Әйел күйеуінен кетемін деп шешім қабылдады. Қазіргі таңда олар бөлек тұрады. Ер адамды полиция қызметкерлері қатаң бақылауда ұстап отыр. Жаза кезінде оған ойын-сауық орындарына (кафелер, барлар, мейрамханалар және тағы басқа осыған ұқсас орындарға) баруға, сағат 22:00-ден кейін рұқсатсыз тұрғылықты жерінен кетуге және қаладан шығуға тыйым салынған.