Қоғам

«Шалдың жүйесін өзгерту керек»: Депутаттың жазбасы қызу талқыланып жатыр

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Депутат Еділ Жаңбыршиннің әлеуметтік желіге бұрын және таяуда ғана жариялаған посты қызу талқыланып жатыр. Бұрын Нұрсұлтан Назарбаевты мақтап жазған депутат соңғы постында оны «шалға» теңеген. Журналистер мәжілісменнен осы әрекетінің мәнін сұрады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.

2021 жылдың 1 желтоқсанында Еділ Жаңбыршин Назарбаев туралы ұзын-сонар пост жазып, «оны Құдай таңдады, елге сондай ерді берді, ел соңына ерді» деп еңбегіне зор баға берген.

qaz.ulysmedia.kz

qaz.ulysmedia.kz

Алайда таяуда жазған постында ол бір жыл бұрынғы ойларынан айнып қалғанға ұқсайды.

«Әділдік құру үшін!

Әділ мемлекет құру үшін - шалдың жүйесін өзгерту керек!

Әділ экономика құру үшін - қыз-күйеудің жүйесін бұзу керек! 

Әділ қоғам құру үшін - інісінің сектасын жоқ қылу керек!» - деп жазды депутат.

qaz.ulysmedia.kz

qaz.ulysmedia.kz

Журналистердің «бұл екіжүзділік емес пе? Бір жылда не өзгерді?» деген сұрағына депутат былай жауап берді.

«Бір жылда көп зат өзгерді. Мынаны түсіну керек. Ол (бір жыл бұрынғы – авт) пост – Елбасының жеке басына айтылған пост. Ал кеше жариялаған пост – қалыптасқан жүйені өзгертуге қатысты пост. Сондықтан, қазір үлкен саяси өзгерістер болып, Конституцияға өзгерістер енгізілді. Суперпрезиденттік бұрынғы жүйеден кетуіміз керек. Мықты президент, ықпалды Парламент және есеп беретін Үкімет деген модель бар. Егер Екінші Республиканы іске асырамыз десек, бұрынғы жүйеден кетуіміз керек. Мәселе, соған қатысты. Соңғы жазған постым – адамның жеке басына қатысты пост емес. Осы қалыптасқан жүйені өзгертіп, соған жұмыстануымыз керек дегенді білдіреді», - деді ол.

Еділ Жаңбыршин бұрынғы және бүгінгі посты «екіжүзділіктің белгісі емес» деп жауап берді.

«Бұл жерде екінші пост адамның жеке басына қатысты айтылмаған зат. Қалыптасқан мемлекеттегі жүйе туралы. Сондықтан, контексттен сөзді жұлып алмай, дұрыс оқу керек. Әділ мемлекет құрамыз десек, шалдан қалған жүйені өзгертуіміз керек. Бұл елдің айтып жүрген әңгімесі», - дейді Еділ Жаңбыршин.

Депутаттың айтуынша, қазір қалыптасқан жүйе Қазақстанның дамуына кедергі келтіріп тұр. «Сіз бір жыл бұрын пост жазғанда Қазақстанның сол кезде де жемқорлыққа батқанын білмедіңіз бе?» деген сұраққа былай деді.

«Ол мәселе айтылып жүр. Бұрынғы сұхбаттарымды, посттарымды қарасаңдар бәрі бар. Тек екі постқа акцент жасамаңдар. Бүкіл менің саясатқа араласқалы бері берген сұхбаттарымды, жазған посттарымды қарасаңдар ішінде бәрі айтылған», - дейді ол.