Bugin
Күн райының нашарлауына байланысты Қызылорда қаласынан Түркістан облысының шекарасына дейін көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Бұл жөнінде облыстық төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.
Департаментке «ҚазАвтоЖол» АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалынан республикалық маңызы бар автомобиль көлік қозғалысына шектеу қою туралы хабарлама келіп түскен.
«30 қарашада Астана қаласы уақытымен 21.40-тан бастап ауа-райының нашарлауына байланысты Қызылорда қаласынан Түркістан облысының шекарасына дейін көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылды. Бұл республикалық маңызы бар «Самара-Шымкент» автомобиль жолының 1803-2057 шақырым аралығын қамтиды», - деп жазылған департамент таратқан хабарламада.
Ведомство мәліметінше, аталған аумақта ауа температурасының төмен жағдайында қар аралас жаңбыр жаууда, көктайғақ болып тұр.