Өнім

Байзақта жарылыстан кейін жоғалған Дәуітбаевтың сүйегі табылды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы жарылыс кезінде жоғалып кеткен кіші сержант Бауыржан Дәуітбаевтың мәйіті табылды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Ақпаратты Оңтүстік өңірлік қолбасшылығы Тараз гарнизоны растады.

2021 жылдың 26 тамызында Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімнің қоймасында өрт шығып, жарылыс болды. Салдарынан 17 адам қаза тапты, бір адам хабар-ошарсыз кетті. Сол уақыттан бері кіші сержант Бауыржан Дәуітбаевтан еш хабар болмады.

Марқұмның шашылған сүйегінің бөлшектері мен киім қалдықтары жарылыс болған әскери бөлімнің ауласынан табылған. Табылған сүйекке жасалған сараптама із-түссіз жоғалған ер адамға толық сәйкес келген. 

1 желтоқсанда Базарбай ауылында Бауыржан Дәуітбаевты жерлеу рәсімі өтеді.

Марқұмның жанұясы Байзақ ауданының Базарбай ауылында тұрады. Бауыржан Дәуітбаев пен Ділнәз Данаеваның бес баласы бар. Күйеуі хабар-ошарсыз кеткенде Ділназ Данаева бесінші баласына жүкті болған. Ырымдап атын Аманкелді қойған еді.

БАЙЗАҚТАҒЫ ЖАРЫЛЫС ЖАЙЛЫ

2021 жылдың 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімнің қоймасынан өрт шықты. Бас кезінде әскери бөлімнің өрт сөндірушілері тілсіз жаумен өздері күресіп көрген. Артынан төтенше жағдайлар қызметінің өрт сөндірушілері келді. Ал бір сағаттан кейін оқ-дәрілер жарыла бастады. Жақын маңдағы ауыл тұрғындары Таразға көшіруге шешім қабылданды.

Жарылыс 2021 жылдың 26 тамызында Байзақ ауданы Қайнар ауылынан 420 метр жерде болды. Салдарынан Қайнар, Үшбұлақ, Жібек жолы ауылдарында 35 аула және 12 кәсіпкерлік нысан бүлінді. Жамбыл әкімдігінің хабарлауынша, қираған нысандарды қалпына келтіруге 430 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. 

2021 жылдың 27 тамызында төтенше жағдайдан келтірілген залалды анықтау үшін комиссия құрылды. Бүлінген нысандарды тексеру және қалпына келтіру үшін жергілікті атқарушы органдарда 5 жұмыс тобы құрылды. Әкімдіктің хабарлауынша, олар Байзақ ауданының Қайнар, Үшбұлақ, Жібек жолы, Төрекелді, Базарбай, Көкбастау ауылдарындағы барлық үйді аралаған.

Жарылыс салдарынан 3 елді мекендегі 35 ауланың және 12 кәсіпкерлік нысан бүлінген. Қайнар, Үшбұлақ, Жібек жолы ауылдарында орналасқан аулаларды қалпына келтіруге 261,2 миллион теңге, кәсіпкерлік нысандарды қайта қалпына келтіру үшін 170,1 миллион теңге жұмсалды, - деп хабарлады облыс әкімдігі.