Bugin

Екібастұзда балабақша бухгалтері 17 млн теңгені жымқырған

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Екібастұздағы бөбекжай-балабақшасының бухгалтері "Мұхтар Жәкішевтен қосымша табыс" қаржы пирамидасына 17 миллионнан астам ұрланған ақша салды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Liter.kz сайтына сілтеме жасап.

"Биыл маусым айында Екібастұз қаласындағы "№15 бөбекжай-балабақшасын эстетикалық дамыту орталығының" бухгалтері Д.А. Асқарова жалақыны есептеу үшін қызметкерлердің жалған тізімін құрады. Ол балабақшадағы 17,4 миллион теңге мөлшеріндегі ақшалай қаражатын жеке шотқа аударды" делінген өңірлік экономикалық тергеу департаментінің  хабарламасында.

Ұрланған ақшаны Instagram әлеуметтік желісіндегі "Мұхтар Жәкішевтен қосымша табыс" алаяқтық бағдарламасына салған. Бағдарламаны түсіндірушілер инвестицияланған ақша үлкен пайда әкелетініне сендіріп, мұнай-газ секторын дамытуға бағытталатынын айтады.

Екібастұз қалалық соты бұл залалды өтегенін және кінәні мойындағанын ескере отырып, әйелге бес жыл мерзімге бухгалтерлік қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, алты жыл шартты түрде жаза тағайындады.