Бренд

Rolex: Әрбір сағат қолмен жасалады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Уақыт алтыннан қымбат деп жатамыз. Дегенмен де сатылымдағы сағаттар бағасы алтын бұйымдардан әлдеқайда қымбат екендігі жасырын емес.

Әлем бойынша ең үздік қолсағаттардың отаны – Швейцария. Рас, Швейцария жоғары сапалы сағаттарды жасауда өте танымал. Себебі аталған мемлекетте сағат жасаудың өзіндік ерекшеліктері бар. 19-20-ғасырға көз салсақ, алпауыт мемлекеттер арасында қанды соғыстар болғаны белгілі. Сондай сәтте Швейцария әскери өнеркәсіпке емес, бейтараптыққа бой ұсынды. Соның арқасында елде техникалық және экономикалық жағдай жақсы дамыды. Сондай-ақ жергілікті сағат жасаудағы жоғары мәдениеттің арқасында көптеген компания осы жаққа көше бастады.

Rolex

Rolex сағаттарын білмейтін адам кемде-кем. Біраз жылдан бері сағат нарығында өз орнын ойып тұрып алған швейцариялық компания ең алғаш Лондонда ашылған.

Rolex компаниясы өз жұмысын негізінен өндіруші рөлінде емес, сағат құрастырушы ретінде бастады. Компанияны 1905 жылы 24 жастағы иммигрант Ганс Вилсдорф және оның Англиядағы жездесі Альфред Дэвис құрған. Фирма швейцариялық сағат бөлшектерін импорттау және оларды ағылшын сағаттарының корпустарына орнатумен айналысқан. 1908 жылға қарай компания мүшелері іскер серіктестермен бірге жеке сағаттарын жасауға шешім қабылдады. Rolex-тің жұлдызды сәті дәл осы Швейцарияға көшкеннен соң басталды. Өйткені ХХ ғасырда білікті сағат жасаушылардың көпшілігі сол жерде шоғырланғанын атап өттік. Алайда Англиядағы кеңсенің өте жоғары салықтарына байланысты олар 1919 жылы ағылшын кеңсесін жауып, содан бері Швейцарияға тұрақтады.

Фото: watch-watch.ru

Фото: watch-watch.ru

Rolex екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында екі есе танымалдыққа ие болды. Себебі соғыс кезінде ұшқыштар үшін сенімді қолсағат болған дәл осы Rolex өнімдері еді.  Бағалы бұйымға қызыққан әскерилер ұсталған босқындардан сағаттарын тартып алып отырған.  Осылайша, Rolex бренді британдық және американдық экипаждар мен әскери тұтқындар арасында мәртебе символына айналып үлгереді.

Компанияның негізгі сайтына көз салсақ, ең қымбат Rolex сағаты 1,1 миллион долларға сатылған. Тот баспайтын болаттан жасалған аталмыш өнім 1942 жылы шығарылған әрі ол Женевада 1 176 000 долларға бағаланды.

Француз сағаттары да үлкен сұранысқа ие

Алайда бұл деректер өзге мемлекеттен шығатын қолсағаттардың сапасы нашар деген сөз емес. Мысалы Францияда да тамаша сағат жасаушы шеберлер өте көп. Олардың көпшілігі әлем нарығында мойындалмағанымен, жоғарғы санатты сағаттардың қатарында көш бастап тұр. 

Cartier

Француздық Cartier компаниясы тек әдемі қолсағаттарды ғана емес, зергерлік бұйымдарды өндірумен айналысады. Мекеме тарихы 1847 жылы Луи-Франсуа Картье өзінің бұрынғы иесінің шеберханасын басқарған кезде басталды.  Дегенмен компания 1800 жылдардың аяғына дейін жергілікті деңгейде болды.  1899 жылы Луи-Франсуаның ұлы Луи компанияның филиалын Rue de la Paix көшесіне көшірді.  Мұндай қадам Cartier-ге жаңа леп әкелді. Луис өнімдердің жаңа дизайндардын жасау арқылы компанияның беделін одан әрі арттыра білді. Көптеген компания секілді Cartier де ұлы тоқыраудан аман өткен. Өйткені соғыс жылдары оның өнімдеріне сұраныс төмендеді. Бірақ екінші дүниежүзілік соғыстан кейін, француз экономикасымен бірге компанияның да экономикалық жағдайы оңалды.

Соңғы 10 жылдықта Cartier-ді швейцариялық Richemont холдинг компаниясы сатып алды.  Компания өзінің басқарушы директорлары мен дизайнерлік командасы бар жартылай тәуелсіз ұйым атанса да, дамуын тоқтатпады. Ғасырдан астам уақыт ішінде Cartier тынымсыз еңбектің арқасында өз тұтынушыларына түрлі үздік бұйымдарды ұсынып келеді.

Breguet

Breguet - әлемдегі ең көне сағат компанияларының бірі.  1775 жылы Парижде Абрахам-Луи Бреге негізін қалаған Брегье алғаш рет 1780 жылы әлемдегі алғашқы автоматты сағат қозғалысын енгізу арқылы танымал болды.  Бұл өнертабыс компанияға үлкен атақ әкелді.  Бірнеше жылдан кейін Британ королі Джордж III Breguet компаниясының қалта сағаттарын қолданды. Breguet сағаттарының тұрақты тұтынушыларының қатары Королева Виктория, Наполеон, Уинстон Черчилль және Ресей патшасы Александр I – мен толықты. 

Фото: nikonovexpert.com

Фото: nikonovexpert.com

1870 жылы Breguet мұрагерлері компанияны Британдық Браун отбасына сатты. Олар 1970 жылдарға дейін әлемдегі жетекші сағат өндірушілерінің қатарында болды. Breguet-ті 1999 жылы Swatch Group сатып алған әрі бүгінге дейін швейцариялық өндіруші ретінде сағат өндіріп келеді.