Bugin

Қаңтар оқиғасында қаза болған жасөспірім кінәлі деп табылды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты деп айыпталған кәмелетке толмаған сотталушы О.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.

Сот материалдарына қарағанда, 2022 жылы қаңтар айының 5-нен 6-на қараған түні сотталушы (қайтыс болған) О. «Тараз қаласында қирату, бұзу және қалалық әкімдік ғимаратының мүлкін жоюмен ұласқан жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан». Сондай-ақ сот материалдарында оның «әскери қызметшілердің өміріне қол сұғу мақсатында, О. оларды ғимараттан кетуді талап етіп, әкімдікпен бірге өртеп жіберемін деп қорқытқаны» жазылады.

«О.-ның кінәсі іс бойынша жиналған дәлелдемелермен: куәлер  К., А., Ж.-ның айғақтарымен, сот-медициналық, сот-биологиялық, сот-медициналық-криминалистикалық, сот-баллистикалық сараптамалардың қорытындыларымен, сондай-ақ фотосурет бойынша тану хаттамасы мен істің басқа да материалдарымен дәлелденді» делінген Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметінің хабарламасында.

Прокурор сотталушы О.-ны қайтыс болуына байланысты жаза тағайындамай, жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқаны үшін ҚР қылмыстық кодексінің 272-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп тануды сұраған. Ал О.-ның  өкілі - Б. іс бойынша жиналған дәлелдемелерге дау айта отырып, О.-ға тағылған айыпты мойындамай, істі мәні бойынша қарауды сұрады.

«Қазақстан Республикасы жоғарғы сотының 2018 жылғы 20 сәуірдегі  №4 "Сот үкімі туралы" нормативтік қаулысының 10-тармағына сәйкес, қайтыс болған адамды оңалту үшін тараптардың қолдаухаты болған кезде іс бойынша іс жүргізу жалғасады және оған негіздер болған кезде аяқталып, қайтыс болған адамға қатысты айыптау үкімі қаулы етіледі. Сондай-ақ үкімнің қарар бөлігінде жаза тағайындалмай, оны қылмыстық заңның тиісті бабы бойынша кінәлі деп тану туралы қорытынды тұжырым жасалады. Сот О.-ның кінәсін зерделенген дәлелдемелермен дәлелденген деп таныды. Сот үкімімен О. қайтыс болуына байланысты жаза тағайындалмай, жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқаны (ҚР қылмыстық кодексінің 272-бабы 2-бөлігі)  үшін кінәлі деп танылды», - делінген хабарламада.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.