ДАМУ

Қазақстандық ІТ жобалар

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бүгінде қазақстандық ІТ жобалар жетерлік. Түрлі саланың қыр-сырын ашып, керекті ақпараттарын алу үшін оңтайлы құрылғылар бар. Ендеше бірнеше ІТ жобамен танысыңыздар:

Balatili.kz – үш жастан асқан балаларға тілдік, жазу және көркем жазу, оқу дағдыларын қалыптастыруға арналған сайт. Сайтта баланың өзіндік жұмыс істеуіне арналған жеке парақтары, мұғалімдер мен тәрбиешілерге, ата-аналарға арналған әдістеме парағы ұсынылады.  «Balatili.kz» сайтында дыбыс пен әріп, сөз, сөз тіркесі, сөйлем, мәтін, тұрақты сөз тіркестеріне қатысты дидактикалық оқу материалдары қамтылады. Оқыту мен ойынның негізінде құрылатын қазақ тілін оқытуға бағытталған кеңістік жеке немесе топпен, білім беру мекемесінде немесе үйде қолдануға болатын білім беруші интерактивті мультимедиалы мазмұнды құрайды. Сайт интуитивті іздеу жүйесі мен ыңғайлы классификациялау жүйесі бар онлайн платформа негізінде жұмыс істейді.

Emle.kz– қазақ тілінің емлесіне арналған негізгі сайт. Бұл базада қазақ тілінің қолданыстағы бекітілген орфографиялық сөздігі, орфографиялық ережелер, осы салаға байланысты ғылыми әдебиеттер берілген. Сайтта ұсынылған орфографиялық материалдар негізінде сөздердің дұрыс жазылу нұсқасы, тыныс белгілерінің қойылу ережелері арқылы қалың көпшіліктің сауатты жазуына  мүмкіндік жасалады. Ал сайттағы ғылыми әдебиеттер  арқылы әрбір адам қазақ орфографиясының қалыптасуы жөнінде толымды мағлұмат алады. «Emle.kz» сайты қазақша дұрыс жазу, сөзді дұрыс айту, жұртшылықтың тіл мәдениетін көтеру мақсатында құрылды. Сайттың «Әдеби тіл нормалары» блогында сөз сазы, оның көркем әдебиет пен өмірдегі маңызы, ережелері мен қағидалары берілсе, «Орфография» блогында сөздердің дұрыс  жазылу ережелері беріледі. Күніне 1000-ға жуық адам сайтты қолданады.

Qujat.kz – күнделікті қолданыста, қоғамның барлық салаларында жиі қолданылатын құжаттардың қазақша-орысша үлгілері мен сауатты толтыру нұсқаулығы берілген электронды база. Мемлекеттік басқару жүйесі қазақшаланбай, мемлекеттік тіл дамымайды. Ал ол үшін құжат тілі қазақша, бірізді болуы тиіс. Мұнда барлық салада қолданылатын құжаттардың қазақша үлгісі мен қатесіз толтыру нұсқаулығы берілген.

Sozdikqor.kz порталы – қазақ тіліндегі көне және кірме сөздер, жаңа сөздер мен тұрақты сөз тіркестері берілген еліміздегі алғашқы әмбебап платформа. «Сөздік қор» порталы – қазақ тіліндегі сөздердің мағынасын, синонимін, антонимін, фразеологиялық тіркесте немесе сөйлем ішінде кездесуін, жазылу емлесін көрсететін портал. Портал қорына «Қазақ әдеби тілінің сөздігі (Он бес томдық)», «Қазақ тілінің синонимдер сөздігі», «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» және әртүрлі энциклопедияларда берілген сөздер жинақталған.

Termincom.kz – терминология саласына арналған негізгі сайт. Сайтта бекітілген, қолданыстағы терминдердің қазақ және орыс тіліндегі нұсқалары мен салалық терминдер, терминология саласына арналған әдебиеттер мен сөздіктер берілген. Сондай-ақ, байланыстың электрондық арнасы арқылы сала мамандары мен жұртшылықтың арасындағы қарым-қатынасты қамтамасыз ететін «Қазақ терминологиясының мазмұны мен құрылымы» атты электрондық алаң орналасқан. Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы  терминологиялық комиссия бекіткен терминдерді пайдалану, терминологиялық қорды біріздендіру және  жетілдіру үшін бірыңғай электрондық база жасалды. Электрондық қорда «Бекітілген терминдер», «Терминдер хронологиясы», «Қолданыстағы салалық терминдер», «Ойталқы», «Құқықтық-нормативтік база»,  «Ғылыми-әдіcтемелік негіздер» және «Іздеу» блоктарына бөлінеді. Сол арқылы кез келген саладағы бекітілген терминдерді тауып, қолдануға болады. Терминдердің бірыңғай электрондық қоры үнемі толықтырылып отырады.

Tilalemi.kz – еліміздегі қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту мен тілдік контенттің артуына ықпал ететін негізгі портал. Портал арқылы тіл саласындағы жаңалықтармен, ғылыми, публицистикалық, көркем әдебиеттермен, сөздіктермен және мультимедиалық бағдарламалармен танысуға болады. Сонымен бірге тіл үйренуге арналған кітаптарды, мультимедиалық бағдарламаларды, сөздіктерді, тіл саласындағы журналдарды да осы порталдан таба аласыз. «Тіл әлемі» порталы  бүгінгі таңда қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтіп, тілдік контенттің артуына ықпал етуде. Порталда әдіскер, оқытушы, тіл үйретуші мен мұғалімдер арасында онлайн форматта «Үздік сабақ» байқауы ұйымдастырылып отырады.

Tilqural.kz – мемлекеттік тілді деңгейлеп үйренуге арналған веб-сервис. Сайтта А1, А2 деңгейлері бойынша мемлекеттік тілді меңгертуге арналған онлайн курс орналастырылған. Жоба қазақ тілін меңгермеген ересек азаматтарға белгілі бір уақыт аралығында барынша тиімді әрі жүйелі түрде тілді  А1, А2 деңгейінде үйреніп шығуына мүмкіндік береді. Сөздік қорын дамытып, жаңа сөздердің мағынасын түсініп, оны күнделікті өмірде қолдана білуіне ықпал етеді.

Tilmedia.kz сайты қызықты және тиімді тәсілдер арқылы мемлекеттік тілді үйретіп, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ақпарат таратады. Бұл сайттың басты ерекшелігі – тілді оқытудың әдіс-тәсілдері аудио және видеоконтент негізінде берілген. «Tilmedia.kz» оқу, көру, есту арқылы қазақ тілін үйренуге мүмкіндік береді. Сайт арқылы қазақ тілін орыстілді азаматтар да, қазақ тілін меңгеруге ниетті кез келген ұлт өкілі де үйрене алады. Сайтта латын, араб графикасы да орнатылған.«Tilmedia.kz» сайты  мемлекеттік тілді оңай әрі жылдам үйретуді көздейді.

Elatyn.kz - «Цифрлы әліппе» арнайы электронды интерактивті – ақпараттық жүйесінің басты мақсаты латын графикасындағы жаңа әліпбиді онлайн оқыту, латын графикасына негізделген ұлттық әліпби арқылы мәтіндерді таңбалау дағдыларын қашықтан меңгерту, қазақ тілінің жаңа жазуын оқыту, алған білімдерін интерактивті жаттығулар арқылы пысықтау. «Цифрлы әліппе» жүйесінің құрылымы латын графикасына көшу бойынша әдістемелік дерекқордан, латын графикасындағы жаңа қазақ тілі әліпбиін оқыту бойынша онлайн режимдегі курстан,  әртүрлі интерактивті жаттығулардан,  онлайн дәрістер мен практикалық сабақтардан, тест тапсырмаларынан,  әкімгермен кері байланыс құрылғысынан, оқу курстарының материалдары бойынша сөздіктерден, дыбыстық айтылым мен онлайн диктанттан тұрады.(БҚО тілдерді дамыту басқармасының жобасы)

Atau.kz – ономастика саласына арналған негізгі сайт. Сайттың мақсаты -елдімекен, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларындағы және облыс орталықтарындағы көше, мәдени мекемелер мен түрлі нысандарға берілген атауларды жинақтап, ономастикалық атауларды біріздендіру. Ономастикалық электрондық базада Қазақстан Республикасындағы жер-су атаулары толығымен көрсетіліп, атауларды беру нормалары мен қағидалары да қамтылады. Сонымен бірге қорда ономастикаға қатысты құқықтық-нормативтік база, республикалық және өңірлік ономастикалық комиссиялар туралы, ономастиканың ғылыми-тәжірибелік негіздері жөніндегі мәліметтер, ономастикаға қатысты әдебиеттер мен ғылыми-зерттеу еңбектерінің тізімі бар.

Onomastika.torus.kz - бірыңғай нысандар мен деректер құрылымдары бойынша ашық пайдалану карталарын жасақтау мақсатында «Ономастикалық бірліктерді автоматтандыру 3D картасы «TORUS MAPS» жобасы жүзеге асырылды. (БҚО тілдерді дамыту басқармасының жобасы)

Kazakhtest.kz – қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі.

Qazlatyn.kz – латыннегізді қазақ әліпбиінің ережелері мен қайта кодтаушының онлайн нұсқасы орнатылған сайт.

 

Дереккөз: gov.kz