Әлем
Қазақстандық Mansour Fatih компаниясы "Талибан" қозғалысының (ҚР-да тыйым салынған террористік ұйым) өкілдерімен келісімге қол қойды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы TOLOnews сайтына сілтеме жасап.
Хайратан-Мазари-Шариф темір жолын басқару жөніндегі келісім-шарт қазақстандық Mansour Fatih атты компаниямен жасалған.
Компания темір жолдың техникалық мәселелерін басқарады.
«Біз «Согдиана Транс» компаниясына 15 миллион доллар төледік, Өзбекстанның «Согдиана Транс» компаниясы бізге тек Хайратан портында 22 шақырымға ғана қызмет көрсетті. Бұл жаңа компания 106 шақырымға қызмет көрсетеді», - деді Ауғанстан теміржол басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бахт Рахман Шарафат. Ал Қазақстанмен келісім құны - жылына 4,1 млн доллар.
Ауғанстан Хайратан-Ақина және Хваф-Герат теміржолдары арқылы Орталық Азия елдері, Өзбекстан, Түркіменстан, сондай-ақ Иранмен байланысады.
Сонымен қатар Ауғанстан Оңтүстік Азия мен Орталық Азия арасындағы сауда орталығы болып саналады.