Технология

Қазақстанда 5 транзакцияның 4-і қолма-қол ақшасыз әдіспен жүзеге асырылады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

2022 жылдың тоғыз айындағы қолма-қол ақшасыз карточкалар бойынша жүргізілген операциялар статистикасына шолу жасаған Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) талдау орталығы елімізде 5 транзакцияның 4-і қолма-қол ақшасыз әдіспен жүзеге асырылады деп мәлімдейді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

ҚҚҚ сарапшылары жария еткен деректерге сүйенсек, 2022 жылдың ІІІ тоқсанында отандық төлем нарығына қолма-қол ақшасыз төлемдердің дендеп енуі мен қолма-қол ақша ауқымындағы өсу көрсеткіштері әрі қарай жалғасқан.

Бірақ қолма-қол емес транзакциялардың өсу қарқынында біршама баяулаған. Өткен жылғы 122%-бен салыстырғанда биылғы өсім көрсеткіші +44%. Есесіне қолма-қол ақша массасы ептеп болса да ұлғайған. Яғни, былтырғы 6%-бен салыстырғанда биыл +11%.

Дегенмен, жүргізілген операциялардың жалпы көлемінде (қолма-қол + қолма-қол емес) қолма-қол ақшасыз төлемдер мейлінше жеделдеп тарағанын ескерсек, елдегі қолма-қолсыз транзакциялар үлесі 77%-дан 82%-ға дейін өскен (алдыңғы жылмен салыстырғанда). ҚҚҚ сарапшыларының мәліметінше, жыл басынан бері банкоматтардан ақша шешіп алу ауқымы өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 15 трлн теңгеден 16 трлн теңгеге дейін өскен (+7%). Бұл тұрғыдағы өсу көрсеткішіне нарық ішінде өзіндік жоғары үлесі бар «көлеңкелі» сектор септік етуі мүмкін, деп пайымдайды сарапшы қауым. Айта кетейік, елімізде 2,1 млн адам немесе жұмыс күшінің 23%-ы өз-өзін жұмыспен қамтушы санатқа жатады. Сонымен қатар, бұл арадағы ықпал етуші факторларға инфляцияның шарықтап өсуін және төлем жасау әдістеріндегі сипаттамалар мен кедергілерді де жатқызуға болады.

Айтпақшы, биылғы жылдың тоғыз айында қазақстандықтар Интернет арқылы 59,2 трлн теңге ақша жұмсаған (былтырмен салыстырғанда +44), бұл қолма-қол ақшасыз барлық төлемдердің 83%-ы. Салыстыру үшін: 2021 жылы бұл көрсеткіш 60,1 трлн теңгені құраған.

Айналымдағы карточкалардың жалпы саны (деб. + кред.) 62,6 млн-ға дейін өскен. Бұлардың шамамен үштен бірін (33,9%-ы) жергілікті төлем жүйелеріндегі карточкалар құрайды: Халық банкке тиесілі Altyn Card, Ситибанк Қазақстанның жергілікті картасы, Kaspi.kz төлем жүйесінің картасы. Былтыр бұл көрсеткіш 32,9% деңгейінде болатын.

Сондай-ақ қолма-қол ақшасыз төлемдердің әрі қарай өсуіне жедел аударымдарға арналған қас-қағым сәтте өтетін төлем жүйелерін енгізу мен төлем каточкаларының банкаралық жүйесін енгізу және цифрлық теңгені (CBDC) қолданысқа енгізу мүмкіндігі ықпал ететін болады деп отыр. Айта кету керек, цифрлық теңгені қолданысқа енгізу туралы нақты шешім жыл соңына дейін қабылданады деп күтілуде. 

ҚҚҚ

ҚҚҚ

ҚҚҚ

ҚҚҚ

ҚҚҚ

ҚҚҚ

ҚҚҚ

ҚҚҚ