Bugin
2023 жылы Алматыда мұғалімдердің орташа жалақысы 320 мың теңгені құрайды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Informburo.kz сайтына сілтеме жасап. Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова қалалық мәслихат отырысында айтты.
Оның айтуынша, келер жылы мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы көтеріледі.
«Келер жылға педагогтер мен медицина қызметкерлерінің еңбекақы қоры 170 млрд теңгені құрайды. Соған сәйкес, жаңа жылда 32-33 мың мұғалімнің жалақысы 25%-ға артады. Қала бюджетінен мұны орындауға 73 млрд теңге бөлінген. Егер 2022 жылы мұғалімдердің орташа жалақысы 250-255 мың теңге болса, 2023 жылы 320 мың теңгеге жетеді», – деді ол.
Бұдан бөлек, келер жылы кітапханашылардың, техникалық жұмысшылардың және білім саласындағы басқа да қызметкерлердің жалақысын 22%-ға көтеру жоспарланып отыр. Бұл үшін бюджеттен 9 млрд теңге бөлінеді.
Біліктілігін арттыруды растаған 19 мыңға жуық педагог үстеме ақы алады, бұл үшін қосымша 25 млрд теңге бөлінді.
Денсаулық сақтау саласының қызметкерлерінің де жалақысы көтеріледі. Дәрігерлердің еңбекақысы – 30%-ға, орта медқызметкерлердікі – 20%-ға, кіші медқызметкерлердікі 18%-ға артады. Осылайша, 2023 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы шамамен 350 мың теңгені, ал орта медицина қызметкерлерінікі 205 мың теңгені құрайды.