Әлем
Кабулда жаңа глобустың инсталляциясы орнатылды. Онда Ауғанстан Ислам Әмірлігінің аумағы мемлекеттің нақты аумағынан асып, көрші елдердің жерін алып жатқаны суреттелген, деп хабарлайды Bugin.kz порталы ВВС телеарнасына сілтеме жасап.
Атап айтқанда, глобустың Талибан (ҚР аумағында тыйым салынған ұйым) нұсқасында Иран, Пәкістан мен Орталық Азия мемлекеттерінің жерлері Ауғанстан аумағына қосылып кеткен. Ал елдің өзі Қазақстанмен шекаралас екені көрсетіледі.
Тәліптердің глобусы әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсті. Пікір білдірушілер оны сынға алып, құрастырушылардың надандығы мен білімсіздігіне ашуланды.
Инсталляцияны жасаушы Исматулла Хабиби картадағы мемлекетті көрнекі ету үшін Ауғанстанның өлшемдерін өзгерткенін айтты.
Тәліптер ұсынған глобуста Корея мен Дания аралдарға айналса, Қатар, Эстония және Тайвань мүлде жоқ.
Глобус Кабулдағы Дахан-и-Бағ алаңында орнатылды. Диаметрі - 8 метр, салмағы - 2 тонна. Дизайн жер моделін минутына бес рет айналдыратын механизмге орнатылған.