ДАМУ
Қазақ топырағынан шыққан ұлы тұлғалар туралы жақсы білеміз. Жасыратыны жоқ, олардың көбі - өткен ғасырда өмір сүрген заңғарлар. Ал осы күні, жаңалық ашып, халықтың ықыласына бөленіп жүрген ұлттың қаймағы бірен-сараң. Оның үстіне ғылымға бет бұрғандардың көбі қазіргі «әнші мен өнер иелері» секілді өзін өзі жарнамаламайды, әлеуметтік желіге жүрген-тұрғанын салмайды. Бәлкім, ерекше дарын иесінің өзгелерден ерекшелгі де сол шығар.
Қазіргі қазақ қоғамының бірі білсе, бірі білмес. Физика-математика саласында әлем ғалымдарын мойындатқан қазақ бар, ол - Темірғали Көкетаев. Bugin.kz порталы «Ғасыр адамы» туралы зерттеп көрді.
Шетелдік ұйымның ұсынысымен 25 жыл бойы зерттеп, ашқан «Қатты дененің абсолюттік спектроскопиясы» атты жаңалығы үшін «Outstanding people of the 20 th century» (қазақшасы: XX ғасырдың көрнекті адамы) атағы берілген. Бұл – бір ғасырда бір рет қана берілетін атақ. Бұл туралы ғалым өзінің естелігінде:
«Эстониялық ғылыми жетекшім Чеслав Лущик қоңыраулатып, осындай атақ берілгенін толқып хабарлады. Телефонда оның жылап тұрғаны білінді. Қуанған ғой. Сол кезде мұның не екенін толық түсінбедім. Осы оқиғадан 1 жыл өткенде, Мәскеуде біздің тақырып бойынша халықаралық ғылыми конференция өтті. Іс-шарада бір жапон келіп, менімен амандасып: «Сіздің осындай атағыңыз бар ма? Сіз Темірғали Көкетаевсыз ба?» - деп сұрады. Мен растадым. Сонда жапондық маған физика саласына сіңірген еңбегімді бағалап, дәл осы атаққа лайық көріп кандидаттыққа ұсынған Жапонияның ғылыми институты екенін жеткізді», - деп айтады.
Аталған атақты алуға себепкер болған еңбегін әлем ғалымдары бағалады. Тіпті осы атаққа ұсынылғаннан кейін үміткерлер мен олардың еңбектері 5 жыл бойы қаралыпты. 1994 жылғы ұсыныстың нәтижесі тек 1999 жылы шыққан.
Кейіпкеріміз «XXI ғасырдың көрнекті адамы» деп жазылған 300 грамдық таза күміс медаль мен атақтың кімге берілгені туралы арнайы дипломды 1999 жылы желтоқсан айының соңында ғана Кембриджден пошта сәлемдемесі арқылы алыпты.
Бір республиканың емес, бүкіл әлем ғалымдарының арасында, тіпті, бір ғасыр бойындағы мықтылардың ішінен суырылып шыққан кешегі жүз жылдықтың жұлдызы оқыған дәрісті тыңдағысы келетіндер көп. Дүниенің әр қиырынан атақты Оксфордқа жиылған ғалымдардың алдына шығып, түйгенін, білгенін өзгелерге бөлісті.
Сонда кейіпкеріміздің ғылыми жетекшісі Ч.Лущик: «Ұлы орыстың өзі Оксфордта дәріс оқыған жоқ. Сен Оксфорд университетінде дәріс оқыған тұңғыш қазақсың!» - деп, қуанышын жасыра алмай масаттанған екен.
Иә, бүкіл еңбек жолын, саналы ғұмырын ғылымға арнаған физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Т.Көкетаев бүгінде сексеннің сеңгіріне шықты.
Дереккөз: Егемен Қазақстан