Bugin
Жамбыл облысында әскери қызметкер көшеде бірнеше адамды ұрып-соғып, кейін бөтен біреудің үйіне басып кіріп, үй иесіне қол көтерген, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Оқиға 12 желтоқсанда Тұрар Рысқұлов ауданындағы Құлан ауылында болған. Шабуылдан кейінгі кадрлар әлеуметтік желіде тарап кетті. Видеода ер адам сарбазды бетін төмен қаратып ұстап тұр. Сол уақытта телефонмен сөйлесіп: «Полиция жібердің бе? Мен жатын бөлмеден шығып бара жатқанда әйелімді ұрды. Тез қарумен кел»,- дейді.
Кейінірек видеода сол көзінің асты көгерген әйел көрінеді. Дауыс бұл сарбаз ұрған әйел екенін айтады. Біраз уақыттан кейін видеодан еденде жатқан сарбазды ұрып-соғып, тепкілей бастаған әйелдерді көруге болады. Кейін оқиға орнына полицейлер де жеткен.
Полицейлердің түсіндіруінше, 12 желтоқсанда кезекшіге Құлан ауылындағы бірнеше үйге әскери киім киген белгісіз біреудің кіріп, тұрғындарын соққыға жыққаны туралы қоңырау түскен.
«Анықталғандай, кешкі уақытта ер адам үйдің ауласында орналасқан дүкенге кіріп, 45 жастағы әйелдің бетінен ұрған. Сосын дүкеннің жанында орналасқан тағы екі пәтерге кірген және сыртқа шыққан 43 және 45 жастағы азаматтарды ұрып-соғып, олардың бірінің күйеуі аталған азаматты ұстап алып, полиция қызметкерлерін шақырған. Шақыру бойынша келген полицейлер 22 жастағы сарбазды полиция бөліміне алып кеткен және тиісті жедел шаралар қолданылды», - деді Жамбыл облысының полиция департаментіндегілер.
Аталған факті бойынша Оңтүстік өңірлік әскери тергеу басқармасының Тараз қаласы бойынша бөлімі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 149-бабы, 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастағаны хабарланды. Айта кетейік, бұл бап бойынша ұсталған адамға 2000 АЕК-ке дейін айыппұл, дәл сол мөлшерде түзеу жұмыстары, 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Бұл жағдайға Тараз гарнизоны да әрекет жасады. Олар солдаттың мас болғанын айтты.
«Әскери бөлімдердің бірінің әскери қызметкері жұмысынан тыс уақытта, масаң күйде азаматтарға қарсы заңсыз әрекеттер жасаған. Аталған факті бойынша қызметтік тексеру басталды. Себептері мен мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу нәтижесінде әскери қызметшінің Қарулы Күштер қатарында одан әрі қызметін өткеру туралы шешім қабылданады», - деп хабарлады гарнизонның баспасөз қызметі.