Өнім

Мәжіліс депутаты халықтың «бомж» болып кетуін қаламайды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев «Қазақстан азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң жобасының кеш мақұлданғанына қынжылды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Halyq Uni сайтына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, «Ақ жол» партиясы бұл заңды әзірлеу бастамасын 2013 жылы ұсынған.

«Біз бұл мәселені жыл сайын қайта көтердік. Үкімет оған әртүрлі сылтау айтып, кейінге қалдырып келді. Президент былтыр бұл заң жобасын қабылдау бойынша нақты тапсырма берді. Біз екі рет заң жобасын әзірлеп бердік. Үкімет оларды да өткізбеді. Мақсатымыз – несиесін төлей алмайтын жағдайға жеткен азаматтарға әлеуметтік кепілдікті белгілеу. Қазақстан талай экономикалық дағдарыстан өтті. Салдарынан адамдар жұмысынан айырылып, несиесін төлей алмады. Ал біздің банктер не істеді? Олар адамдарды далаға шығарып, оларды «бомждарға» айналдырды», - деді Азат Перуашев.

Депутаттың айтуынша, XXI ғасырда өркениетті елде өмір сүріп жатқан азаматтарды «бомжға» айналдыруға жол бермеу керек.

«Отбасы, баласы мен жұмысы бар азаматтарды «бомжға» айналдыру дұрыс емес. Бұл – біздің азаматтар. Мемлекет ретінде олар үшін жауаптымыз. Бұл мәселені осы заң жобасында да қарастырдық. Көптеген мәселе талқыланды. Бүгін процедуралық рәсімге көп көңіл бөліп кеттік. Ең бастысы – азаматтарымыздың бомжға айналуына жол бермеу. Президент бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту бойынша тапсырма берді. Мен кім бизнеспен айналысқанын еске салайын. Кезінде олар кепілге пәтерін, үйін қойды. Қазір біз қазақстандықтардың баспанаға иелік ету құқығын қорғамасақ, тек ипотека төлеушіден ғана емес, әлеуетті кәсіпкерден айырыламыз», - деді депутат.

Азат Перуашев қазақстандықтардың еншісіндегі жалғыз баспанасын кепілге қойып, кейін оны банктің тартып алуын еш құптамайды.

«Азаматтық кодексте жалғыз баспанасынан айырмау туралы норма болды. Бұл норманы алып тастау банктердің мүддесі тұрғысынан шешілді. Былтыр алматылық басындағы жалғыз үйін алуға келген 5 сот орындаушы мен полицияны атып тастады. Әйел адам тұратын үйі болмағандықтан, өзінің балаларын терезеден лақтыруға мәжбүр болды. Біз азаматтарды қашанғы осындай әрекетке итермелейміз? Былтыр «Банк және банк қызметі туралы» заң аясында несиенің 90%-ын өтеген жағдайда «қайта кепілге қою мүмкіндігі бар» деген өте өзекті норманы енгізе алдық», - деді Перуашев.

Депутат кредит пайызының жоғары болуы төлем қабілетіне кері әсерін тигізетінін жеткізді.

«Ұлттық банк, сіздер қайда қарап отырсыздар? Ай сайын базалық ставка мөлшерін көбейтесіздер. Халықты қанша қинауға болады? Сіздер адамдарды қандай жағдайға жеткізіп отырғандарыңызды түсінбейсіздер ме?» – деді депутат.

Сондай-ақ ол заң жобасын қайта қарауды ұсынды.

Мәжіліс отырысынан шыққан соң Азат Перуашев «жұмыс істейтін бомждар» деп кредитін әрең төлеп жүрген қазақстандықтар туралы айтқанын жеткізді.

«Біз қазақстандықтарды үйсіз қалатын жағдайға дейін жеткізбеуіміз керек. Мысалы, Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада жарылыс болды. Апаттан қаза тапқан офицерлердің, құтқарушылардың мойнындағы несиені мемлекет өзі жапты. Мұндай шешімді мемлекет басшысы қабылдады. Сонда бір құтқарушының атында 15 несиенің бары анықталды. Құтқарушы офицер болған. Құдайға шүкір, оның жалақысы жаман емес. Сонда да оның еңбекақысы күнделікті өміріне жетпеген. Сондықтан біз осындай қиын жағдайда қалған қазақстандықтарды қорғауымыз керек», - деді ол.