Bugin
Желтоқсаншылар үстінен жүрген сот істерінің өзектісі Қ.Рысқұлбеков, Т.Тәшенов, Ж.Тайжұмаев және Қ.Күзембаев төртеуіне арналған сот процесі екендігі мәлім.
Суретте Желтоқсан көтерілісіне қатысқан төрт азамат өздеріне шығарылған сот үкімін тыңдап тұр. Солдан оңға қарай: Түгелбай Тәшенов, Жамбыл Тайжұмаев, Қайрат Рысқұлбеков және Қайыргелді Күзембаев.
6 маусым, 1987 жыл. Алматы қаласы.
Суретті түсірген — Юрий Беккер.
Міне осы сот ісіне басынан аяғына шейін қатынасқан Р.Спанова өзінің естелік кітабында Қайрат Рысқұлбековтің соттағы ақтық сөзінен үзінді келтіреді. Онда Қайрат: "Менің бір ғана арманым бар еді. Ол шындықты халқыма ескерту болатын. Менің арымның таза екендігін, адам өлтірмегенімді халық естімей, шынымен "қылмыскер" деп айыптайды-ау деп, қорқушы едім. Қымбатты әке, аяулы анам, қадірлі жұртым, менің ақ екеніме көздерің жеткен болар. Енді міне, қазір атып жіберсе де арманым жоқ. Қазақ халқы үшін құрбандыққа шалған тоқтыларың болайын. Сендер аман болыңдар!" — деп, сөзін абақтыда жазған өлеңімен жалғастырады.
Қайраттың өлеңі ойлы, терең әсерлі еді. Ол жөнінде Р.Спанова былайша еске алады: "Ол өлеңді ұзақ оқыған сияқты еді. Әйтеуір, залдың іші өксікке айналып, шынымды айтсам, қазақ милиционерлеріне дейін көздерін сүртіп, уһілеп жатты. Қайрат демін ауыр жұтып алады да, өлеңді оқиды, бір шумағын оқып біткенше жұрт тып-тыныш тыңдайды да, мұрындарын қорс-қорс тартып, көз жастарын сүртеді, сосын келесі шумақты оқиды. Сөйтіп бүкіл халық еңіреп, залдың ішінде жыламаған жан қалмады. Тек Грабарник (әрине, ол қазақша түсінбеді) пен Баймұханбетов қана былшиып отырды. Бұл әміршіл-әкімшіл жүйенің үркітіп-қорқыту үшін қайткенде де бір адамға ату жазасын беруі хақ екенін алдын-ала түсінген Қайраттың: «Жарайды, қазақ халқы үшін мен-ақ құрбан болайын. Бірақ, айналайын жұртым, менің адал екенімді, қандықол еместігімді біліңдер!» – деген соңғы жан айқайы еді.
Дереккөз: Әсет Ақмолданың әлеуметтік желідегі парақшасы