Әлем
Түркия вице-президенті Фуат Октай парламенттің бас ассамблеясында ел президенті Режеп Тайып Ердоғанның қанша жалақы алатынын айтты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Депутаттар алдында сөйлеген вице-президент басшылардың еңбекақысы туралы айта келе, парламенттің зейнеткерлікке шыққан спикерлері мен депутаттардың жалақысы 2022 жылдың екінші жартысында және 2023 жылы президенттік үстемеақылармен байланысын тоқтатқалы бері өспейтінін айтты.
«Біздің президенттің 2022 жылға арналған бюджеттегі таза жалақысы 66 мың 445 лираны құрайды. Осы күннен бастап біздің президент мырзаның жалақысы өскен жоқ», - деді Фуат Октай.
Бұл - шамамен 1 660 460 теңге.
Айта кетейік, Ердоған Қазақстанның кейбір әкімінің айлық табысынан әлдеқайда аз жалақы алады. Мәселен, бұған дейін Қызылорда облысын басқарған Гүлшара Әбдіқалықова 2021 жылы ай сайын 1,8 миллион теңге жалақы алатынын айтқан еді. Ал Астана қаласын үш жыл басқарған Алтай Көлгінов әкімдік қызметі үшін айына 1,9 миллион теңге табыс тапты.
2023 жылдың маусымында Түркияда президенттік және парламенттік сайлау жоспарланған. Сенбі, 10 желтоқсанда 2003 жылдан бері билікте отырған Ердоған осы жолы соңғы рет президенттік сайлауға қатысып, содан кейін ел тізгінін жастарға беретінін жанамалай айтқан еді.