Bugin

Қазақстанның үш облысында жұмыртқаның заңсыз қымбаттағаны анықталды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстанның үш облысында жұмыртқаның қымбаттағаны анықталды. Сауда комитеті Ақмола, Батыс Қазақстан және Ұлытау облыстарында жұмыртқа бағасының көтерілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Отырыста Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин танымал және әлеуметтік өнімдерді сатудағы делдалдық схемаларға қатысты жүргізілген тексеру нәтижелерін ұсынды.

Сауда комитеті шот-фактураларды талдай келе, Ақмола, Батыс Қазақстан және Ұлытау облыстарында жұмыртқа заңда белгіленген 15 пайыздық үстемеден артық сатылғанын анықтады.

Атап айтқанда, көтерме дистрибьютор «Курочка Ряба» ЖШС қазан-қараша айларында екі құс фабрикасынан 25 миллионнан астам бірінші санаттағы жұмыртқа сатып алса, оның 6 миллионы 25-27 пайыздық үстемемен сатылған. Өңірлерде анықталған фактілер бойынша барлық материалдар тиісті шаралар қабылдау үшін әкімдіктерге берілді.

«Біз бизнестен мүмкін емес нәрсені талап етпейміз. Шығынмен жұмыс істеуге болмайтынын түсінеміз. Бірақ біз заң аясында жұмыс істеуіміз керек. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген тауарлық үстемеден аспауымыз керек», - деді Серік Жұманғарин.

Еске салайық, бұған дейін Қостанай құс фабрикасы жұмыртқаға жоғары баға белгіледі деген күдікке іліккен.