Bugin
Блогер Азамат Сәрсенбаев әлеуметтік желідегі парақшасында Маңғыстау облысындағы көлде жүздеген аққу өлексесі жүргенін жариялады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Ол парақшасына Ақтаудан 10 шақырым жердегі Қаракөл көлінің жағасында түсірілген кадрларды жариялады.
«Аққу өмірде бір рет жұп құрады, жары өлсе, жалғыз аққу сағыныштан өледі дейді. Осы қисынды ұстанатын болсақ, Маңғыстау өңірінде биылғы қыста тым көп аққудың жүрегі жараланды.
Бірақ шындап айтсақ, бұл - өте алаңдатарлық жағдай. Себебі жүздеген құс өлексесі Қаракөл көлінің бүкіл жағалауында шашылып жатыр. Ең қызығы, мен аққулардан басқа мекендейтін құстардың өлексесін таппадым. Табиғи сұрыпталуға жатқызу үшін пайыздық жағынан келмейтін секілді», - деп жазды блогер.
Бұрын негізінен жергілікті тұрғындарға ғана белгілі болған бірегей су қоймасы 2020 жылы әлемдік БАҚ-тың талқылау орталығына айналды.
Қаракөл - көптеген құстардың ұшу жолындағы аялдамалардың бірі. Олардың кейбіреуі Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Ал көлдің өзі - Қарақия-Қаракөл мемлекеттік зоологиялық қорығына енгізілген және ерекше қорғалатын аумақ мәртебесіне ие.