Bugin
«Алтын Адам – Жыл адамы» ұйымдастыру комитеті Астанадағы өрттен бірнеше адамды құтқарып, кейін өзі ауруханада көз жұмған Асқар Забикулинді «Алтын адам» деп таныды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Сенің көзің тірі болғанда, біз қазір еңбек демалысында жүретін едік. Алматының Арбатында қол ұстасып, кофе ішіп, қыдырып жүруші едік. Солай жоспарлаған едік қой. Сол күні, 16 қарашада сені кезекшілікке шығарып салып тұрып, ойымда ештеңе жоқ айта салған едім. «Алақай, 20-сы күні сенің соңғы кезекшілігің екен, әрі қарай демалыстамыз» деппін. Ал сен айттың: «Жаным, соңғы емес, демалыс алдындағы кезекшілік» дедің. Енді, міне, 20 қарашада сен еңбек демалысына шықтың. Мәңгілік, ұзақ, бітпейтін, қайтып келмейтін демалысқа кеттің..
Ал мен осы дүниедемін. Біздің жоспарымыздағыдай емес... «Алтын Адам» тағайындаған сенің «Жыл қаһарманы» аталымындағы мадақтамаңды әкетуге келдім», - деп жазды құтқарушының жары Анель Забикулина.
Оның айтуынша, бүгін екеуінің отау құрғандарына 5 жыл толған.
«Өмір - шынымен қиын, қатыгез, аяушылықты білмейтін, тіпті, кейде болжап болмайтын дүние. Мейлі жасың 10-да немесе 40-та болсын, ол ешкімді аямайды. Соған қарамастан сен жарқын әрі абыройлы өмір сүрдің. Алтын адамсың сен, Асқар Забикулин! Ғасыр адам, Ғасыр қаһарманы. Өмірден өткеннен кейін...» - деп жазды батырдың жұбайы.