Bugin

Ресей билігі Қазақстан мұнайын өздерінікі деп көрсеткен

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Германия экономика және климатты қорғау министрлігі Ресей билігінің қазақстандық мұнайды өздерінікі деп көрсетуге тырысқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Deutsche Welle сайтына сілтеме жасап.

Мәскеу Берлинді Еуропалық Одақтың мұнай эмбаргосын орындамады деп айыптауға тырысты.

20 желтоқсанда Ресейдің «Транснефть» компаниясының басшысы Николай Токарев "Ресей-24" телеарнасына берген сұхбатында Польша мен Германия Ресейден мұнай жеткізуге өтінім бергенін мәлімдеді.

«1 қаңтардан бастап Еуропалық одақ Ресей Федерациясынан энергия тасымалдаушыларға эмбарго енгізгеніне қарамастан, өтінім берді», – деді Токарев.

Германияның экономика министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Баспасөз референті Сузанна Унградтың мәлімдеуінше, Шведтегі мұнай өңдеу зауыты Қазақстаннан мұнай тасымалдау үшін «Транснефть» қуатын жалға алған.

Сондай-ақ ГФР экономика министрлігі Қазақстанда шикі мұнайды тұрақты сатып алу туралы келіссөздер жүргізіп жатқанын атап өтті. Қазақстандық мұнайды жеткізу үшін Польша Гданьск арқылы «Дружба» мұнай құбырының қуатын ғана пайдалануға тура келді. Өйткені тұрақты трафик әлі дайын емес.

Бұған дейін Қазақстан ресейлік энергия тасымалдаушыларға эмбарго күшіне енгеннен кейін Еуроодақ үшін шикі мұнайдың негізгі көзіне айналғаны белгілі болды. Қазір ЕО-ға мұнайдың барлық теңіз импортының 13%-ы Қазақстанға тиесілі.