Саясат
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Кәрім Мәсімов Tengrinews.kz тілшісіне Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы кітап жазатынын айтты, деп хабарлайды Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы.
"Нұрсұлтан Әбішұлы - ұлы адам. Ол туралы кітап жазамын, оны "Елбасы глазами помощника" деп атаймын", - деді Мәсімов. Оның айтуынша, кітап қызықты болмақ. "Парақтары "жабық" қызық кітап болады", - деді ҰҚК басшысы.
Айта кетейік, Кәрім Мәсімов Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы болып 2016 жылы 8 қыркүйекте тағайындалған болатын.
Кәрім Мәсімов 2003-2006 жылдар арасында Нұрсұлтан Назарбаевтың көмекшісі болған, премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарды. Екі рет елдің премьер-министрі (2007-2012 және 2014-2016 жылдары) болды, сонымен қатар, Президент Әкімшілігінің басшысы қызметінде жұмыс істеді.
Ол премьер-министрдің қызметінде болғанына қарамастан өзін президенттің көмекшісімін деп бірнеше рет айтқан болатын.
"2007 жылы қаңтарда, Нұрсұлтан Әбішұлы, мені алғаш рет премьер-министр етіп тағайындадыңыз. Сол кезде қандай қызметте болсам да, сіздің адал көмекшіңіз боламын деп уәде берген едім. Нұрсұлтан Әбішұлы, бүгін қайта айтқым келіп тұр: мен әлі де сіздің көмекшіңізбін, әлі де шәкіртіңізбін. Қазақстанды дамыту бойынша үлкен істерді жүзеге асыруға менің де қатысуыма мүмкіндік бергеніңізбен мақтанамын", - деген еді Мәсімов 2011 жылы.