Bugin
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Салық кодексіне 1 қыркүйекке дейін Қазақстанға әкелінетін автокөліктерді заңдастыру үшін бастапқы тіркеу алымын белгілеуді көздейтін өзгерістерге қол қойды, - деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
«Мемлекет басшысы «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне (Салық кодексі) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, - делінген Ақорданың сайтында.
Салық кодексіне енгізілген өзгертулермен заңдастыруға жататын көлік құралдарын бастапқы тіркегені үшін алым 200 000 теңге мөлшерінде белгіленді.
Көліктерді заңдастыру қажетті заңнамалық өзгерістер енгізіліп, үкіметтің тиісті қаулысы қабылданғаннан кейін басталады. Бұл ретте заңдастыруды алты айдың ішінде жүзеге асыру жоспарлануда.
Еске салайық, Мемлекет басшысы 1 қыркүйекке дейін елге әкелінетін шетелдік көліктерді бір реттік заңдастыруды жариялаған болатын. Ішкі істер министрлігі қазір заңдастыру жұмыстары қай кезеңде екенін айтты.
ІІМ-де бұрын хабарланғандай, екінші заң жобасы аясында Экологиялық кодекске аталған көліктерді қайта өңдеу төлемін алып тастау бөлігінде түзетулер енгізілуде.
Сонымен қатар, департамент заңдастыру тәртібін, шарттары мен мерзімін айқындайтын Үкімет қаулысының жобасын әзірлеуде. 29 қарашада бұл жоба Ішкі істер министрлігінің ресми сайтында қоғамдық талқылау рәсімі үшін орналастырылды.
Қандай көліктер заңдастыруға жатпайды?
Іздеудегі және кедендік ресімдеуден өтпеген, сондай-ақ 2022 жылғы 1 қыркүйектен кейін әкелінген автокөліктер.
Қазір Қазақстанда қанша шетелдік көлік бар?
Қазақстанда тұрақты орналасқан шетелдік көліктердің саны туралы мүлдем нақты деректер жоқ. Сонымен бірге, біз ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейінгі кезеңде шетелдік автокөліктерге 300 мыңнан сәл астам автокөлікті сақтандыру полистері берілгенін анықтадық. Автокөліктерді сақтандырудың ең көп саны Ресей Федерациясынан – 260 мыңға жуық, Қырғызстаннан – 25,5 мың және Армениядан – 18 мың көлікке берілген.
Көліктің Қазақстанға кіретін күні қалай анықталады?
Кіру күні ҰҚК Шекара қызметінің мәліметтер базасы бойынша анықталады, бүгінде бұл процесс толығымен автоматтандырылған. Бұл ретте Шекара қызметiнде көлiк құралын әкелу туралы мәлiметтер болмаған жағдайда, көлiк құралының Қазақстан Республикасында нақты болған күнi көлiк құралын сақтандыруды алғашқы тiркеу күнiмен айқындалады.
Қазақстанда заңдастыру аясында азаматтар оң рульді көліктерді тіркей ала ма?
Мемлекет басшысы заңдастырудың екі критерийін атап өтті: біріншісі – көліктерге іздеу жарияланбауы керек, екіншісі – кедендік ресімдеуден өтуі керек. Көрсетілген көліктер оларға сәйкес келсе, оларды тіркеуге ешқандай кедергі болмайды.
Автокөліктерді шығарылған жылы және экологиялық класы бойынша заңдастыруға шектеу қойыла ма?
Заңдастыруға жататын көліктер үшін жасы мен экологиялық класы бойынша талаптар болмайды.
Заңдастыру Қазақстанда уақытша тіркелген «армяндық» көліктерге сары нөмір беріп, оларға да тарала ма?
Елімізде уақытша тіркелген «армяндық» көліктер де заңдастыруға жатады. Олардың кедендік декларациясы талап етілмейді, өйткені 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап олар Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары болып танылады.
Заңдастыру үшін қанша төлеу керек?
Негізгі төлем – бастапқы тіркеу жарнасы, ол 200 мың теңгені құрайды. Қалған төлемдерге тіркеу куәлігі мен тіркеу нөмірі бойынша алымдар кіреді (2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткіш 3 450 теңгені құрайтындықтан тіркеу нөмірі мен тіркеу куәлігі үшін төлем сомасы өзгереді).
Заңдастыру процесі қалай өтеді?
Заңдастыру туралы өтінішті электронды үкімет порталы арқылы немесе арнайы ХҚО-ға жеке өтініш арқылы беруге болады. Ұсынылған құжаттар мен көлік құралын іздестіру базалары бойынша тексергеннен кейін автокөлік нөмірленген бірліктерді тексеру үшін арнайы ХҚО-дағы тексеру пунктіне беріледі. Одан кейін 200 мың теңге көлемінде бастапқы жарна, техникалық төлқұжат пен мемлекеттік нөмір үшін мемлекеттік баж салығы, сондай-ақ қажет болған жағдайда кедендік баж салығы төленеді. Тіркеу бекітілгеннен кейін көлік иесіне қазақстандық тіркеу куәлігі мен мемлекеттік нөмір беріледі.