Әлем
Францияда күрдтерге шабуыл жасалғаннан кейін Париж орталығында жаппай тәртіпсіздіктер болды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы ВВС арнасына сілтеме жасап.
Жұма күні күрд мәдени орталығы, сондай-ақ ұлттық тағамдары бар мейрамхана орналасқан ғимараттың жанында бір әйел мен екі ер адам қаза тапты. Үшеуі де – күрд. Сонымен қатар төрт адам жарақат алды, оның екеуі – ауыр халде.
Оларға 69 жастағы Париж тұрғыны оқ атып, шабуылдан кейін көп ұзамай ұсталды. Ұсталған кезде ол полицейлерге қарсылық көрсетпеген. Шабуылдың негізгі себебі – нәсілдік жеккөрушілік. Қаскөй жақында түрмеден шыққан, өткен жылы босқындар орталығына шабуыл жасағаны үшін ұсталған. Ол өзін «шетелдіктерді жек көретін нәсілшіл» деп атады.
Шабуылда қаза тапқан әйел «Күрд әйелдер құқығын қорғау» қозғалысының белсенді қатысушыларының бірі болды, тағы біреуі Францияда саяси баспана алған суретші еді.
Атыстан кейін көп ұзамай күрд орталығы аймағында осы қауымдастықтың наразылықтары басталып, полициямен қақтығыстарға ұласты. Наразылық білдірушілер қоқыс жәшіктері мен мейрамхана үстелдерін лақтырды. Бірнеше көлік өртенді. Сонымен қатар полицияға тастар мен басқа заттарды лақтырады. Мұны тоқтату үшін тәртіп сақшылары көзден жас ағызатын газ шашуға мәжбүр болды.
Сенбіде, 24 желтоқсанда, Париж орталығындағы Республика алаңында үш күрдтің өліміне ашуланған Франциядағы күрдтер қауымдастығының жүздеген өкілі жиналды.
Бұған дейін Франциядағы күрд демократиялық орталығы шабуылды айыптап, Франция «өз халқын, яғни күрдтерді қорғай алмады» деп мәлімдеді.
Ел президенті Twitter-де мәлімдеме жасап, күрд халқына көңіл айтты.