Bugin
Жақын арада «Экибастузтеплоэнерго» ЖШС «ЭкибастузЭнерго» ЖШС-іне 240 млн теңге аударуға тиіс, деп хабарлайды Bugin.kz порталы @Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде «Орталық Азия Электрэнергетикалық Корпорациясы» АҚ Басқарма Басшысы Бағдат Орал мәлімдеді.
«Соңғы 2-3 аптада өтемақы төлеудің әділ алгоритмін жасап шығарумен шұғылдандық. Біз қалыпты жағдайдағы электр энергиясын тұтынудың бір айлық көрсеткішін негізге алдық. Екібастұз бір айда 220 млн теңгеге тоқ тұтынады. Сондықтан «ЭкибастузЭнергоға» 240 млн теңге аудару туралы шешім қабылданды», - деді ол.
Қаражат әрбір екібастұздықтардың жеке шоттарына аударылады. Екібастұзда олардың саны 48 172.
Одан бөлек, зардап шеккен пәтерлерді жөндеу және бұзылған жиһаз бен тұрмыстық техниканың құнын өтеу мәселесі де сөз болды. Бүгінде 424 пәтер жөнделуі тиіс, олардың 52-інде реттеу жұмыстары жүріп жатыр.
Ал жиһаз бен техникаға келгенде Бағдат Орал екібастұздықтарға барлық квитанциялар мен қираған техниканы сақтау керектігін айтты. Әрбір өтініш жеке-жеке комиссиялық ретпен қарастырылады.
Павлодар облысының әкімі қала тұрғындарына төтенше жағдай кезінде электр энергиясы үшін ақы өтелетінін уәде етті.
Естеріңізге сала кетейік, Екібастұздағы жылу желілеріндегі апатқа байланысты осы жылдың 28 қарашасы мен 8 желтоқсаны аралығында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимі болды.