Саясат

"Қазақстанның ендігі саясаты қандай болады?" Тоқаевтың мәлімдемесі

Жаңа президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде қандай саясат жүргізетінін мәлімдеді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстанның жаңа президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бар күшін халық игілігіне жұмсайтынын айтып, еліміздің ендігі саясаты қандай болатынын мәлім етті. Бұл туралы Sputniknews.kz хабарлады.

Оның айтуынша, ол бар тәжірибесін Елбасының сындарлы саясатын жалғастыруға жұмсамақ.

"Алдағы миссияның бар жауапкершілігін сезіне отырып, бар тәжірибемді мемлекет басшысының стратегиялық бағытын жалғастыруды жоспарлап отырмын. Баршамызға ортақ мақсат – Елбасының басты саяси тарихи мұрасы, мемлекетіміздің тәуелсіздігін сақтау және нығайту", - деді Тоқаев.

Сонымен қатар жаңа президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өз еркімен өкілеттігін тоқтатуына қатысты пікірін білдірді.

"Президент ретінде өз еркімен өкілеттігін тоқтату арқылы Нұрсұлтан Назарбаев барша әлемге данышпан, ұлы саясаткер әрі демократиялық құндылықтарға шынайы берілген адам екенін көрсетті. Ол бойындағы осындай қасиеттерімен отандық және әлем тарихында ізін қалдырды", - деді ол.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың күші бірлікте екенін, ал өзі қазақстандықтарға адал қызмет етуге сөз беретінін атап өтті.

"Мемлекеттің болашағы үшін маңызды сәтте барлығы Қазақстанды демократиялық және өркендеген мемлекетке айналдыру идеясында топтасуы керек. Алдымызда отанымыздың болашағы үшін атқаратын ауқымды және күрделі жұмыс тұр. Бар күш жігерімді, ел игілігіне жұмсауды, халқымызға адал қызмет етуді өзіме міндет деп есептеймін", - деп түйіндеді сөзін Қазақстанның жаңа президенті.